Алматыда полиция vlast.kz журналисін ұстап, қайта босатқан

Бүгін, 9 мамырда Алматыдағы Астана алаңында vlast.kz сайтының журналисі Данияр Молдабековті полиция алып кеткен. Молдабеков полицейлер өзін бір сағаттай ұстағанын айтады.

- Таңертең сағат 9.40-та Төле би-Абылай хан көшелерінің қиылысынан полицейлер алып кетті. Не үшін алып кеткенін түсіндірмеді. Бірден телефонымды тартып алды. Адвокатқа хабарласуға мүмкіндік бермеді. Бір сағаттан аса уақыт ұстап, Салтанат Әзірбек (Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз хатшысы – ред.) келген соң босатты. Енді полицейлер мені Астана алаңына қайта алып бара жатыр, - деді журналист.

Бүгін таңертеңнен Азаттық радиосы мен бірнеше БАҚ-тың сайты бұғатталған. Ашылмай тұрған порталдар арасында vlast.kz сайты да бар.

Билік интернет пен желілердің бұғатталуы жайлы әзірге пікір білдірмеді.

Қазақстан билігі азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескерткен. Прокуратура үндеуі елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтің қазақстандықтарды 9 мамырда митингіге шығуға шақыруынан соң жарияланды.

Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. 1 мамырда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Қарағандыда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.