NetBlocks Қазақстандағы бұғаттаулар жайлы хабарлама жариялады

Интернетті блоктау. Авторы Ғалым Смағұлұлы.

Еріктілер құрған NetBlocks халықаралық үкіметтік емес ұйымы Қазақстандағы әлеуметтік желілердің бұғатталуына байланысты хабарлама жариялады деп хабарлады ҚазТАГ сайты.

"Қазақстанда әлеуметтік желілер бұғатталды. Тек Twitter ашық" деп жазды NetBlocks сайты бейсенбі күні.

Интернет-сервис әртүрлі провайдерлерден Қазақстан аумағында әлеуметтік желілердің ашылуы-ашылмауы жайлы сурет те жариялады.

NetBlocks-тың жазуынша, елде "Кар-Тел" (Beeline) қолданушылары - Facebook және Instagram-ға, KCell (Activ) байланыс операторының қызметін тұтынушылар - Facebook, Instagram және YouTube-қа кіре алмай отыр. Altel желісінен Facebook, Instagram, YouTube, Telegram желілеріне кіру мүмкін емес. Интернет-сервистің хабарлауынша, бұл желілерді "Казахтелеком" арқылы 11-20% ашуға болады.

NetBlocks жазуынша, бұғаттаулар түрлі жолдар арқылы 9 мамыр таңертең немесе 8 мамыр кешке қойылған. "Енді қазір елдегі барлық интернет-провайдерлерге әсер етіп отыр".

"Кейбір желілердің тұтас жабылуының белгілері де байқалады, бұл сол қызметке жазылушылардың интернетке кіруін шектеуі мүмкін" деп жазды NetBlocks.

Қазақстанда 9 мамырда таңертеңнен бері Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі мен бірнеше жергілікті сайт, бұған қоса әлеуметтік желілер бұғатталды.

Бұғатталған сайттар арасында vlast.kz, holanews.kz, informburo.kz, exclusive.kz, time.kz, village.kz, lada.kz порталдары және "Уральская неделя" мен "Ақжайық" газеттерінің сайттары бар. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның сайты да ашылмай тұр.

Азаттық Қазақстан ақпарат министрлігімен, ұлттық қауіпсіздік комитетімен және "Қазақтелеком" компаниясына хабарласқанымен жауап ала алмады. Өзге байланыс операторларынан да жауап алу мүмкін болмады.

Бұған дейін Қазақстан билігі азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескерткен. Прокуратура үндеуі елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтің қазақстандықтарды 9 мамырда митингіге шығуға шақыруынан соң жарияланды.

Қазақстандық қолданушылар көптен бері Facebook, Youtube, Telegram сияқты әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын айтып, шағымданып келеді.