Атырау қаласында полиция 9 мамыр күні таңертеңгі 11 шамасында көшеден ұстап әкеткен "Общества по правам человека" бірлестігінің жетекшісі Дарья Ульжағалиева мен халықаралық адам құқығын қорғау жөніндегі бюроның Атыраудағы филиалының еріктісі Дианара Мұқатованы кешке қарай босатты. Бұл туралы Азаттыққа халықаралық адам құқығын қорғау жөніндегі бюроның Атыраудағы филиалының директоры Әсел Нұрғазиева хабарлады.
Оның сөзінше, Мұқатованың үстіне қызыл бояумен "Шындық-Правда" деген жазу жазылып, жүректің суреті салынған футболка киген. Мұқатованың өзі Дарья Ульжағалиевамен бірге таксимен жеңіс бағына қыдырып қайтуға бара жатқанда полиция алып кеткенін айтады.
- Дарьяны басқа полиция бөлімшесіне, ал мені облыстық полиция департаментіне апарды. Адвокатсыз жауап беруден бас тарттым. Маған прокурордың бұрын үстімнен қозғалған 174-бап (Қылмыстық кодекс – Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша істің қайта көтергенін айтты. Полиция 10 мамырға жауап беру үшін қайта шақырды, - деді ол.
Дарья Ульжағалиева футболканы киіп үлгермегенін, оны полиция қызметкерлері тартыпалуға тырысқанымен, бермегенін айтады.
Атырау полициясы былтыр наурызда Дианара Мұқатоваға "ҚДТ қозғалысын (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қолдады, ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағып, кейін ол іс қысқарған.
Нұр-Сұлтанда 9 мамыр таңертең үйінің ауласында полиция ұстап алып кеткен Бибігүл Тұяқованы да кешке қарай үйіне жіберді. Бұл туралы Есіл аудандық полиция бөліміне барған Азаттық тілшісіне кезекшілердің бірі айтты. Бибігүл Тұяқоваға заңдық көмек көрсетуге барған құқық қорғаушы Ләззат Хамзе онымен жолыға алмағанын айтты.
Тұяқованы әкетіп бара жатқаны туралы видеоны көршілері түсіріп, WhatsApp желісі арқылы таратқан еді. Бұған дейін 32 жастағы Бибігүл Тұяқоваға 1 мамырдағы бейбіт шеруге қатысқаны үшін әкімшілік іс қозғалып, 40 айлық есептік көрсеткіш (100 мың теңге) көлемінде айыппұл салынған.
9 мамыр таңертеңнен бастап Қазақстанда бірнеше БАҚ бұғатталған. Оның ішінде Азаттық радиосының сайты да бар. Бұл күні Алматы мен Ақтөбеде полиция бірнеше белсендіні ұстап әкетті. Билік бұғаттау мен адамдардың ұстауларына қатысты әзірге түсінік берген жоқ.
Бұған дейін елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов Қазақстанның бірнеше қаласында 9 мамыр күні "Мәңгілік полк" шеруімен қатар митингіге шығуға шақырған.
Қазақстан билігі азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескерткен.Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бейбіт жиын өткізуге рұқсат алу қажетін айтқан.