Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан 2021 жылы өтетін World Combat Games (Жекпе-жек түрлері бойынша бүкіләлемдік ойын) жарысын ұйымдастырады. Бұл шешім 10 мамырда Австралияның Голд Кост қаласында өткен SportAccord ұйымының (ойындардың иесі - ред.) жиынында қабылданды. Қазақстан жекпе-жек спорты қауымдастығының президенті Фархад Аманқұлов пен Халықаралық спорт федерацияларының бас қауымдастығының президенті Рафаэль Чиулли келісім-шартқа қол қойды.
Ойындар Нұр-Сұлтанда 2021 жылы 3-9 мамырда өтеді. Жарыстар қаладағы Алау мұз сарайы, Сарыарқа велодромы мен Жекпе-жек сарайында болады. Қазақстан делегациясы Жекпе-жек сарайының жарыс алдында күрделі жөндеуден өтетінін мәлімдеді. Ойындар бағдарламасына бокс, күрес, дзюдо, семсерлесу, айкидо, каратэ, кикбоксинг, самбо, муайтай, таэквондо, ушу сынды спорт түрлері енген.
Жарысқа бір жыл қалғанда елде ойындарға арналған фестиваль басталады. Бұл шара Қазақстанның 14 аймағын қамтиды.
World Combat Games биыл Тайпейде өтеді. Ал 2013 жылы Санкт-Петербург қаласындағы ойындарда Қазақстан екі қола медаль алған.
Қазақстан осыған дейін 2011 жылы қысқы Азия ойындарын, 2017 жылы қысқы универсиаданы ұйымдастырған.