Назарбаев ресейлік миллиардер Әлішер Усмановты "Достық" орденімен марапаттады

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және ресейлік миллиардер Әлішер Усманов. Нұр-Сұлтан қаласы, 11 мамыр 2019 жыл.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік бизнесмен, миллиардер Әлішер Усмановты "Достық" орденімен марапаттады деп хабарлады Ақорда сайты 11 мамырда.

Ақорданың баспасөз қызметі таратқан шағын хабарламаға сәйкес, І дәрежедегі "Достық" ордені USM Holdings компаниясының негізін қалаушы Усмановқа "Қазақстан мен Ресей арасында достықты нығайтып, экономикалық әріптестікті дамытуға қосқан елеулі үлесі" үшін беріліп отыр.

Өзбекстанда туған Әлішер Усманов - Ресейдегі ең ауқатты азаматтардың бірі. Forbes есебінше, оның байлығы өткен жылы 12,6 миллиард долларды құраған.

2018 жылы қаңтар айында АҚШ-тың қаржы министрлігі әзірлеген "Кремль баяндамасында" Ресей президенті Владимир Путин мен "Ресей үкіметіне жақын олигархтар" тізімінде оның да аты аталды.