13 мамырда Қырғызстанның мұсылмандар діни басқармасының (мүфтият) баспасөз хатшысы Максат Атабаев Қырғызстандағы Түркия елшісі Женгиз Камил Фыратпен болған оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
Бұған дейін интернетте дипломаттың қонақ ретінде шақырылған шарадан ашуланған күйі кетіп бара жатқаны туралы видео тараған.
Женгиз Камил Фарат өзін "Сапат" (бұрынғы "Себат") мектептер желісінің бұрынғы жетекшісі Орхан Инан қатысқан шараға шақырғанына наразы болған. Елші Қырғызстанның бас мүфтиі Максатбек Токтомушевке қайрыла "Не Түркия, не террористік ұйымды таңдаңыз" деп шүйліккен. Сөз арасында Түркияның Қырғызстанға 35 миллион долларлық мешіт салып бергенін де айтып өткен. Бұл оқиға 8 мамырда болған.
"Ауызашарда адамдарды бөліп-жармайды. Барлығы шақырылды. Түсінбестік болды, бірақ кейіннен бәрі шешілді. Қазір бәрі жақсы" деді Максат Атабаев.
Қырғызстандағы Түркия елшілігі әзірге оқиғаға байланысты жауап бермеді.
"Сапат" түрік мектептер желісі Қырғызстанда 1992 жылдан бастап "Себат" деген атпен жұмыс істей бастады. Түрік уағызшысы Фетхулах Гүлен оның негізін қалаған деп айтылады. Гүленнің ұйымын Анкара террористік ұйым деп атайды.
1999 жылдан бері АҚШ-та тұратын Фетхулла Гүлен 2013 жылға дейін Түркия президенті Режеп Ердоғанмен жақын байланыста болған, кейін екеуі араздасып қалған. Түркия билігі Гүленді 2016 жылы әскери төңкеріс жасамақшы болды деп айыптап, АҚШ-тан оны беруді бірнеше рет талап еткен.
Фетхулла Гүлен бүлікке еш қатысы жоғын айтып, Анкараның таққан айыптарын жоққа шығарады.
Қырғызстанда жұмыс істейтін "Сапат" мектептер желісі бұған дейін экстремистік немесе заңға қайшы жұмыс істейтін ұйымдарға еш қатысы жоғын мәлімдеген.