Алматы облысы Қарасай ауданындағы Әйтей ауылынан жеті шақырым жердегі қоқыс полигоны өртеніп жатыр. Өрт 16 мамырда түнгі 2.00-де басталған. Бұл туралы Азаттыққа Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Ерлан Қылышбаев хабарлады. Оның сөзінше, өрт 1 гектар аумаққа тараған. Қылышбаевтың сөзінше, өртеніп жатқан полигон аумағына онға жуық техника құм сеуіп жатыр.
Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет "өрттен зардап шеккендер жоқ" деп хабарлады. Әлеуметтік желі қолданушылары 16 мамырға қараған түннен бастап Алматыны өртенген ыс иісі алып кеткеніне шағына бастады.
Бақылаушылар дерегінше, Алматы ауасының ластану деңгейі нормадан асқан. Павел Александров деген атпен белгілі экобелсенді ауа сапасының қыс кезіндегі көрсеткішпен теңескенін жазды.
Төтенше жағдайлар комитеті де, облыстық департамент те өрттің неден шыққанын хабарламады.