Назарбаевпен кездесуді талап еткен аналарды Нұр-Сұлтан әкімі қабылдады

Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов (ортада) ондаған наразы ананы қабылдап отыр. 16 мамыр 2019 жыл.

16 мамырда Нұр-Сұлтанда баспана мәселесіне шағынып, наразылыққа шыққан ондаған ананы қала әкімі Бақыт Сұлтанов қабылдады. Аналар баспана кезегінің баяу жылжитынына, банктердің үй алу үшін алғашқы жарна төлеу талабы барына шағынды. Жиында еңбек вице-министрі Светлана Жақыпова мен әкімдік өкілдері отырды.

Әкімдік өкілдері Азаттық тілшілерін аккредитация жоқтығына сілтеп, қабылдау өтіп жатқан залға жиын басталып кеткен соң кіргізді. Тілшілердің залған кіруін аналар талап еткен.

Наразылар баспана мен атаулы әлеуметтік көмек сияқты мәселелер бойынша кезектесе сұрақ қойды. Жиналғандардың кейбірі баспана алу үшін банкке алғашқы жарна төлеу талабын алып тастауды сұрады. Сұлтанов "Алғашқы жарна төлеу талабын алып тастау - банкті құлдырату деген сөз" деді. Баспана кезегінің баяу жылжитынына шағынан аналарға Сұлтанов "мәселенің шешіліп жатқанын" айтып жауап берді.

- Кезекте тұрғандарға берілетін баспана санын көбейтуге тырысамыз. Үкімет түрлі бағдарламалар арқылы Алматы да, Шымкентте де осы мәселені шешуге тырысып жатыр. Себебі бізде мәселе расымен көп. Кезекке тұра алмай жатқандар да бар, - деді әкім.

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға 70-ке тарта ана келген. Олар Сұлтановтың атына жеке басындағы мәселесін жазып беруі үшін әкімдік наразыларға парақ таратып берген.

Жарты сағаттай уақыттан соң әкімдік өкілдері "Жиын ары қарай баспасөздің қатысуынсыз өтеді" деп журналистерді шығарып жіберді.

Аналар наразылығы бүгін, 16 мамырда таңертең басталған. Әуелі Нұр-Сұлтан әкімдігі алдына келген аналар өздеріне ешкім шықпаған соң, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан экономикалық форум алдына барған. "Баспана!", "Ана мен бала құқығы қорғалсын!" деп жиырма минуттай айқайлап, Назарбаевпен кездесуді талап еткен аналарға еңбек министрі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Бақыт Сұлтанов шыққан. Олар аналармен бірге автобусқа отырып, әкімдікке қайтып келді. Азаттық тілшісінің айтуынша, Сапарбаев әкім қабылдауы басталғанда кетіп қалған.

Қарай отырыңыз: Нұр-Сұлтандағы аналар наразылығы

2019 жылы 4 ақпанда Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған. Осы оқиғадан кейін Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы күшейген.