Air Astana "ұшақ апатты жағдайда қонды" деген ақпаратты жоққа шығарды

Көрнекі сурет.

Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы бұған дейін бірқатар ресейлік БАҚ-та жарияланған Шереметьево әуежайында компания "ұшағының апатты жағдайда қонғаны" туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

Әуе компанияның түсіндіруінше, Нұр-Сұлтан - Мәскеу бағыты бойынша КС873 рейсімен ұшпақ болған ұшақ 16 мамырда әуе кемесін "әрі қарай да пайдалануға мүмкіндік беретін" аса қауіпті емес "ақауға" байланысты 40 минутқа кешігіп ұшқан. Шереметьево әуежайына қонар кезде осы жайтты "ескерген экипаж командирі Шереметьево әуежайынан ұзағырақ тоқтауға мүмкіндік беретін ұшып-қону жолағын сұраған".

"Әуе кемесінің командирі төтенше жағдайда қону режимін жарияламады. Штатты жағдайда қонды, жолаушылар терминал тармағы арқылы шықты" делінген әуе компаниясының 17 мамырда таңертең таратқан мәлімдемесінде.

16 мамырда кешке Шереметьево әуежайында "Air Astana ұшағы апатты жағдайда қонды" деген ақпарат тараған еді. БАҚ-та тараған хабарламада ұшақтың штатты жағдайда қонғаны, ешкімнің зардап шекпегені айтылды.