Алматы қалалық қорғаныс істері бойынша департаменттің бастығы Амантай Өсербаев Азаттық тілшісіне 17 мамырда әскерге аттанған белсенді Бейбарыс Толымбековтің жағдайына байланысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Толымбеков Жамбыл облысы Гвардейск қала үлгісіндегі елді мекенде орналасқан әскери бөлімшеде әскери борышын өтейді.
Ол бұған дейін Толымбековтен әскери борышын өтеуді кейінге қалдыру туралы өтініш түскенін растап, 16 мамырда Наурызбай аудандық әскерге шақыру комиссиясының оны “әскерге жарамды” деп тану туралы шешім шығарғанын айтты.
- Әскери қызмет және әскери қызметшілердің статусы туралы заңның 35-тармағында қай жағдайға байланысты әскерге шақыруды кейінге қалдыруға болатыны жайлы жазылған. Толымбековтің шағымында “мен кассация беруім керек” (21.04 күні шыққан сот шешімін - ред.) деп жазған. Бірақ заңда ондай негіз бойынша әскерді кейінге қалдыру туралы норма жоқ. Денсаулығы жағы айтылды. Оны шақыру алдында дәрігер мамандар, психологтар қайта тексеріп, денсаулығында ақау жоқ екенін анықтады, - деді Өсербаев 17 мамырда Азаттық тілшісіне.
Бұған дейін құқық қорғау ұйымдары және белсендінің достары мен жақтастары "қамау кезінде қысымға ұшыраған" Толымбековке әскери қызметін өтеу кезінде де қысым жалғасуы мүмкін екенін айтып, алаңдаған еді. Ал Өсербаев Толымбековке қысым көрсетілуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарады.
- Әскерге бүгін 40 азамат кетті. Барлығының жағдайы біркелкі. Олардың арасында әртүрлі ұлт өкілдері бар. Көзқарас ерекшеліктеріне қарамай барлығы ҚР президенті жарлығымен бекіткен жарғы бойынша әскери борыштарын өтейді. Ешқандай қысым көрсетілмейді. Әскери тәртіппен күнделікті күн тәртібіне сәйкес жұмыс істеп, отан алдындағы борышын өтейді деп ойлаймын. Жеке пікірім, ол (Толымбеков - ред.) өзі отанын сүйетін, отаны үшін жан беретін адам екен. Отан алдында борышын өтеу Ата заңда жазылғаннан кейін бәрін түсініп, бүгін өз еркімен әскерге кетті, - деді ол.
"Шындықтан қашып құтылмайсың" жазуы бар баннерді жол бойына ілгені үшін қамалған екі белсендінің бірі Бейбарыс Толымбековтің әскер қатарына алынғаны туралы ақпарат 17 мамырда түс кезінде шықты. Әлеуметтік желіде тараған видеода Толымбеков "өзінің әскери борышты өтеуді кейінге қалдыру туралы" өтінішіне комиссияның құлақ аспағанын айтады. Оны сөзін аяқтатпастан әскери форма киген адам алып кетеді.
Адам құқығы және заңдылықты сақтау бойынша қазақстандық халықаралық бюро және штаб-пәтері Брюссельде шоғырланған Адам құқығы бойынша халықаралық әріптестік ұйымы 16 мамырда ортақ мәлімдеме таратып, Толымбековтің "азаматтық белсенділігі үшін қысымға ұшырауына" қатты алаңдап отырғанын жазған.
Ұйым өкілдері Толымбековтің әскерге шақыруды кейінге қалдыру туралы өтінішіне қарамастан оны әскерге жарамды деп танып, әскерге аттандырайын деп отырғанын сынаған.
Құқық қорғау өкілдері осыған орай белсендінің туыстарына да қысым көрсетілгенін, әке-шешесінің үйін белгісіз біреулер торуылдап, анасын тергегені туралы жазған.
"13 мамырда Бейбарыстың анасы және тағы да үш туысы жұмыстарынан кетуге мәжбүр болды, себебі оның алдында Ләззатқа (Бейбарыстың анасы - ред.) ер адам хабарласып, Бейбарыстың әскерге шұғыл кетуі керектігін, әйтпесе жұмысынан айрылатынын айтып, қоқан-лоқы жасаған" делінген мәлімдемеде.
Құқық қорғау ұйым өкілдері белсендінің әскери борышын өтеу кезінде де оның өміріне қауіп барын айтып, алаңдаған. Қазақстан билігін белсендіні қудалауды тоқтатып, оның қауіпсіздігін қаматамасыз етуге шақырған.
21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамады. Әділ сайлау өткізу мәселесін қозғаған белсенділерді елдегі азаматтар, Қазақстаннан тыс жерде оқып жүрген студенттер қолдап, акция өткізді. Халықаралық ұйымдар оқиғаға реакция білдірді. Төлесова мен Толымбеков 5 мамырда абақтыдан мерзімінен бір тәулік бұрын босап шыққан.