22 мамырда Шымкент қалалық соты 1 мамыр күні қаладағы "Ордабасы" алаңы маңында ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген, кейінірек сот ескерту берген белсенді Марат Құдайбергеновтің апелляциялық шағымын қарады. Судья Гүлмира Қыдырбаева оның шағымын қанағаттандырып, кінәсіз деп таныды.
Бұған дейін шымкенттік белсенді Марат Құдайбергенов Азаттық тілшісіне 1 мамыр күні құқық қорғау қызметкерлерінің "өзін еш негізсіз ұстап, полиция бөлімшесіне апарып" жеті сағат ұстағанын айтқан еді. Ол дәл сол күнгі "әрекеті" үшін соттан ескерту алған.
22 мамыр күні болған апелляциялық сот отырысына екі тарап өкілдерімен қатар белсендіге байланысты рапорт және xаттама толтырған полицейлер де қатысты. Олар 1 мамыр күні "Ордабасы" алаңында күшейтілген күн тәртібінде жұмыс істегенін алға тартып, белсендіні бөлімшеге апарудың заңды болғанын айтып, сендіруге тырысты.
Айыпталушының адвокат Насиба Розикулова xаттама толтыру барысында заң талаптары өрескел бұзылғанын, айыпталушының мөр және қол қойылған шақыру қағазын талап етуі заңды екенін атап өтіп, соттан Марат Құдайбергеновті ақтауды сұрады. Прокурор xаттаманы толтыру тәртібі мен уақыты жасалған құқықбұзушылыққа қатысы жоқ екенін айтып соттан қалалық мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысын күшінде қалдыруды сұрады.
Кеңесу бөлмесінен шыққан судья Гүлмира Қыдырбаева қалалық мамандандырылған әкімшілік соттың 4 мамырдағы Марат Құдайбергеновке қатысты қаулысының күшін жойып, әкімшілік істі тоқтатты.
4 мамырда Шымкенттің мамандандырылған әкімшілік соты Құдайбергеновті "құқық қорғау орган өкіліне бағынбау" (Әкімшілік кодекстің 667-бабы) бабы бойынша кінәлі деп танып, ескерту берген.
1 мамырда Шымкенттегі "Ордабасы" алаңындағы "Жер ана" монументінің алдына он шақты адам жиналып, елдегі әлеуметтік проблемалар мен сайлауға байланысты пікірлерін білдірді. Алаңды полиция қоршап, маңындағы көшелерді уақытша жапты.
Бұл күні Алматы мен Нұр-Сұлтан және елдің өзге де қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар билікке түрлі талап қойған. Олардың арасында елде әділ сайлау өткізу, астананың бұрынғы атауын қайтару, елде АЭС салмау, белсенділерді қудаламау сияқты талаптар болды. Полиция наразылық шарасына қатысқан ондаған азаматты ұстап, әкімшілік жазаға тартты.