Нұр-Сұлтанда 1 мамыр күні наразылыққа шығып, 15 тәулікке қамалған белсенді Әлімжан Ізбасаров 23 мамырда әскери комиссариатқа шақырылды. Бұл туралы белсенді өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Ізбасаров Азаттыққа өзінің әскерге шақыртылғанын белсенділігімен байланыстырады.
"Белсенді жастарды әскерге шақырып жатыр деп ойлаймын. Осы арқылы оларды ұзақ уақытқа қоғамнан аластағысы келеді. Әскерге шақыртудың саяси астары бар деп топшылаймын. Менің аузымды жапқысы келеді. Әскерге барудан қашпаймын. Бірақ қазір әскери қызметті кейінге қалдыру үшін қолымнан келгенін жасаймын. Себебі қазір мен азаматтық қоғамға керекпін. Сондықтан азаматтардың қолдауына сенемін. Дәл қазір оларға менің де қолдауым қажет екенін түсінемін" деді ол Азаттыққа.
23 жастағы Ізбасаров 15 күндік қамаудан шыққан соң әлеуметтік желіде бірнеше рет трансляция ұйымдастырып, билік мамырдағы митингіге қатысқандарды қудалап жатқанын айтқан. Ол азаматтарды өз құқығын қорғауға шақырған.
Нұр-Сұлтандағы Алматы аудандық қорғаныс істер жөніндегі аудандық басқармасы Азаттық тілшісіне әскерге шақыртуға жауап беретін қызметкерге хабарласуды сұрады. Бірақ қызметкер телефонын көтермеді.
Әлімжан Ізбасаров - 1 мамыр күні наразылыққа шығып, әуелі құқық қорғау орган өкіліне бағынбады деген айыппен бес күнге қамалған еді. Артынша "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін оған он күн қосылған. Белсенді қамаудан шыққан соң да түрлі жиындарға қатысқан. 22 мамырда астанада белсенділер ұйымдастырған бейбіт жиын өткізу құқығын талқылау шарасында Ізбасаров "1 мамыр халықтың өз қорқынышын жеңген күн болды. Бастау жасалды. Біз, жастар, топтасуымыз керек. Сол кезде біздің қасымызға ата-анамыз да қосылады" деген.
Бұған дейін, 17 мамырда Алматы марафоны кезінде сайлау туралы "Шындықтан құтыла алмайсың" деген баннер іліп, акция өткізген Бейбарыс Толымбеков әскерге кеткен. Белсенді борышын өтеу мерзімін шегеру туралы арыз ескерілмегенін айтқан.
6 мамырда Оралдағы орталық алаңға жазуы жоқ таза плакатпен шыққан азаматтық белсенді Аслан Сагутдинов те алаңға шыққан бірнеше күннен соң әскерге шақырту алған. Бірақ 19 мамырда Қазақстан қорғаныс министрлігі белсенді Сагутдиновті "аневризм" диагнозына байланысты әскерге жарамсыз деп таныған.
1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президентім емес!", "Дариға [Назарбаева] спикерім емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.
Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда "елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған" 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 30-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" және "полицияға бағынбады" деген айып тақты.