Алматы тұрғыны Марина Кузьмина 23 мамырда облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасында өзінің қамауда отырған ағасы Василий Кузьминмен кездескенін хабарлады. Сотталушыны ауруханаға күзетшілер жасағы дәрігерге қарату үшін әкелген.
Кузьминаның сөзінше, ағасының оң аяғындағы бірнеше сантиментрлік трофикалық жара әлі жазылмаған. Ол Василий Кузьминнің бірнеше созылмалы ауруға шалдыққанын, дәрігерлердің оларды жеке-жеке қарастырып, науқастың денсаулығына жалпы әсерін ескермей отырғанын айтты.
Аурухананың тіркеу бөлімі Василий Кузьминнің медициналық тексеруден өткенін растады. Алматы облысының Заречный ауылындағы Кузьмин отырған жалпы режимдегі ЛА-155/14 түрмесінің кезекшісі сотталған азаматты күзетшілер дәрігерге қаратуға әкеткенін айтты. Қазір Кузьмин түрмеге қайта жеткізілген.
Қамауда отырған Кузьмин туралы ең алғаш рет Азаттық қарындасы Марина Кузьминадан білген. Ол екінші топтағы мүгедек ағасына қажетті дәрі-дәрмекті жеткізу үшін Заречный түрмесіне жиі барып тұратынын айтқан. Оның сөзінше, түрме әкімшілігі Кузьминге тиісті дәрежеде медициналық көмек көрсетпей отыр. Кузьминнің өзі мамыр айының басында адвокатына қолын түрмедегі медициналық-санитарлық бөлімдегі төсекке таңып, туыстарымен байланысуға мүмкіндік бермегеніне шағымданған.
Наурыз айының басында Азаттық Василий Кузьминнің шағымына байланысты Қазақстанның ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдаған. Министрлік осы сауалға байланысты қызметтік тексеру басталғанын айтып, қысқа қайырған. Одан бері екі ай өткенімен, ведомство қызметтік тексеру қорытындысы туралы хабарламады.