Трамптың бұрынғы кеңесшісі сөз бостандығы жайлы сұраққа жауап берді

АҚШ президентінің саяси стратегиялар бойынша бұрынғы кеңесшісі Стив Беннон журналистер сұрақтарына жауап беріп тұр. Алматы, 24 мамыр 2019 жыл.

Алматыда өтіп жатқан Еуразия медиа форумы аясында АҚШ президенті Дональд Трамптың саяси стратегиялар бойынша бұрынғы кеңесшісі Стив Беннон Қазақстандағы сөз бостандығына байланысты сұрақтарға жауап берді.

“Интернеттің бұғатталуы Қазақстандағы сөз бостандығы ахуалына қалай әсер етеді?” деген Азаттық тілшісінің сұрағына “елдің ішкі мәселелеріне араласқысы келмейтінін”, бірақ соңғы кездегі өзгерістер нәтижесінде азаматтардың экономикалық бостандыққа қол жеткізе бастағанын айтты.

- Мен өзім экономистпін. Менің ойымша, қазір Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда да кәсіпкерлер мен қарапайым халықтың өмірін экономикалық тұрғыда жақсартуға көңіл бөліне бастағанын көруге болады. Міне, еркіндік осыдан басталады, - деп Бэннон еркіндіктің кез келген түрінің экономикалық бостандықтан бастау алатынын меңзеді.

Еуразия медиа форумы аясында Қазақстан немесе Орталық Азиядағы сөз бостандығы, баспасөзге қысым мәселелеріне жеке сессия арналмаған.

Eurasianet.org сайтының жазуынша, кейбір сарапшылар елдегі интернет-сайттардың бұғатталуы сияқты ақпарат еркіндігі мәселелеріне бұлыңғыр жауап берген. Қазақстандық сарапшы Александр Аксютиц "қолданушылар жабық сайттарға кіру үшін VPN қолдана алады, бұл жерде қандай мәселе бар?" деп айтқан.

BBC Central Asia-ның бұрынғы тілшісі, Coda Story өкілі Наталья Антелава әуел баста Қазақстандағы сөз бостандығы ахуалына байланысты форумға келу-келмеу жайлы күдігі болғанын айтқан.

Алматыда Eurasian Media Forum мамырдың 22-сі күні басталған.

9 мамырда Қазақстанда бірнеше сайт, әлеуметтік желілер ашылмай қалды. Қазақстандық қолданушылар екі жылдан бері Facebook, Youtube, Telegram сияқты әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын айтып, шағымданып келеді. Дәурен Абаев Қазақстан ақпарат және қоғаммен байланыс министрі "бұғаттауға қатысы жоғын" айтты.

Әлемдегі интернет еркіндігін бақылайтын халықаралық NetBlocks тобының атқарушы директоры Альп Токер "9 мамырдағы бұғаттау жоғары деңгейде ұйымдастырылған" деп санайды.

Оқи отырыңыз: "Интернетті бұғаттау - өз халқына жасалған кибершабуыл"