Үш баласының бірі мүгедек теміртаулық жалғызілікті жас ана Оморгүл Зияа туралы Азаттық бұған дейін екі рет жазған. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін сәуірде құжаттарын өткізген Оморгүлдің шотына бір айдан соң, 28 мамырда жәрдемақы түскен.
- 155 мың теңгеден сәл асатын ақша түсті. Екі айға бірден аударса керек. Қатты қуанып отырмын. Тұрмысымыздың тарлығы туралы Азаттықтағы мақалалардан соң билік те, қарапайым тұрғындар да көмектесіп жатыр. Қиын жағдайда қол ұшын бергендерге алғысым шексіз. Ақырындап күн кеше береміз, - деді Оморгүл Зияа.
Азаттық оқырмандары жіберген қаражатты Оморгүл мүгедек баласына қымбат дәрі-дәрмек, жөргек пен балаларына ас-су алуға жұмсаған. Теміртаулық кейбір депутаттар өз қалтасынан ақша шығарып, жалдамалы пәтердің ақысын төлеуге көмектескен. Теміртау жастар клубының еріктілері азық-түлік әкеліп, балалар арбасы мен кішкентайларға қажет заттарды алып берген.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Оморгүлге түскен ақша сәуір мен мамыр айларының жәрдемақысы екенін растады. Әкімдік өкілдері оған жарты жыл бойы айына 78 мың теңге берілетінін айтады.
- Бұл отбасыны әрмен қарай да бақылауда ұстаймыз. Маусымда ол қиын жағдайға тап болғандарға жергілікті билік жылына бір рет беретін 75 мың теңге жәрдемақыны да алады. Атаулы әлеуметтік көмек берілетін жарты жылдан соң Оморгүл қазан айында тиісті құжаттарды әкеліп, жәрдемақы алуға тағы өтініш тапсыра алады. Оған қайырымдылық ретінде көрсетілген қаражат кіріс болып есептелмейді, - деді Теміртау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнар Оспанова.
Бұған қоса Оморгүл Зияа баспана алу кезегіне тұру үшін құжаттарын өткізген.
Теміртау қаласында биылғы сәуірден 15 мамырға дейін атаулы әлеуметтік көмек алуға 3 950 адам өтініш тапсырған. Әкімдік дерегінше, оның 3 388-іне жәрдемақы төленеді.
Ресми дерекке қарағанда, 2019 жылы Қарағанды облысында атаулы әлеуметтік көмек беруге 453 миллион теңге қарастырылған, оның 298 миллион теңгесі республика бюджетінен алынады. Өңірге қосымша ретінде республика бюджетінен 2 миллиард теңгеден аса қаражат бөлу жоспарланған.