Ташкент "Мейірім" гуманитарлық операциясы аясында 156 өзбекстандық азаматты Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс аймағынан елге қайтарған. Жеткізілгендердің басым бөлігі - әйелдер мен балалар.
"Азаматтар 30 мамырда арнаулы рейспен Ташкентке жеткізілді. Адасып елден кеткен, ауыр күндерді басынан кешкен азаматтарға үкімет медициналық, психологиялық, материалдық және моральдық көмек көрсетеді" деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.
Биліктің хабарлауынша, бейбіт өмірге үйреніп, қоғамға сіңісіп кетуі үшін оларға баспана мен жұмыс беріліп, оралғандар білім беру мен әлеуметтік бағдарламаларға қатысады.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан гуманитарлық операция аясында азаматтарын Қазақстан мен Тәжікстан қайтарған.
Биыл 7-9 мамыр күндері Сириядан Қазақстанның 231 азаматы елге жеткізілді. "Олардың 156-сы - бала, көбі мектеп жасында. Тағы 18-і бала - жетім" деп хабарлады билік. Нұр-Сұлтан бұдан бұрын, 9 қаңтарда Сириядан 47 қазақстандықтың елге қайтарылғанын хабарлаған. Биліктің дерегінше, олардың арасында "әйелдер мен 30 шақты бала" болған.
2018 жылы шілде айында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған. Комитет Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда Қазақстаннан кеткен 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан. Нұр-Сұлтан Сирияда әлі 300-ден астам қазақстандық қалғанын мәлімдеген.
30 сәуірде Тәжікстан билігі Ирактан 84 тәжік баланы қайтарған. Олар - Таяу Шығыстағы соғыс аймағында қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының қатарында болған содырлардың балалары. Олардың көбінің (43) аналары терроршыларға болысқан деген айыппен ұзақ мерзімге сотталып, Бағдад түрмесінде жазасын өтеп жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, 2014 жылдан бері Ирак пен Сириядағы соғыс аймағына 1900 тәжік азаматы кеткен. Олардың 300-ге жуығы қаза тапты деп саналады. Қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендердің әйелдері мен балаларын Сирия мен Ирак билігі босқындарға арналған лагерьлерге орналастырған.