Ресейдің Нижегород облысындағы Дзержинск қаласында тротил өндіретін цехта болған жарылыстан 116 адам жарақаттанған. Бұл туралы жергілікті төтенше жағдай қызметінің өкіліне сілтеме жасаған "РИА Новости" агенттігі хабарлады.
Дереккөздің айтуынша, 17 адам ауруханада жатыр, бір адамның жағдайы нашар.
1 маусымда Дзержинск қаласында тротил өндіретін цехта жарылыс болып, 450 үйдің, 32 мектептің, 55 балабақшаның терезесі сынған. Жарақаттанғандардың көбінің денесін әйнек тілген. Ресей билігі зардап шеккендерге Нижегород облысы бюджеттен 100 мың, қала бюджетінен 50 мың рубль төлейтінін айтты.
Жарылыстан зауыт аумағындағы бес ғимарат қираған. Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, жарылысқа цехта технологиялық процестің сақталмауы себеп болған. Жарылыстан соң зауытта өрт басталып, ғимараттың кейбір бөлігінің бұзылғаны да хабарланды.