Ресейдің Су-35 жойғыш ұшағы 4 маусым күні үш сағаттың ішінде Жерорта теңізі үстіндегі халықаралық әуе кеңістігінде АҚШ-тың Р-8А барлау ұшағын үш рет қақпайлап, маневр жасаған. Бұл туралы 5 маусымда АҚШ-тың алтыншы флоты хабарлады.
АҚШ әскерилері ресейлік ұшақтың екінші тосқауылы "қауіпті" болғанын айтады.
Хабарламада тура алдынан қатты жылдамдықпен ұшып өткен ресейлік Су-35 кесірінен Р-8А ұшағының турбуленттік толқынға тап болғаны айтылған. Бұл «ұшқыштар өміріне қауіп төндірді» деп мәлімдейді АҚШ әскери-теңіз күштері.
Ресейлік әскери ұшақты арандатпағанын айтқан АҚШ әскерилері ресейлік ұшақ халықаралық әуе кеңістігінде "жауапсыз" әрекетке барды дейді.
Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысты әзірге комментарий берген жоқ.
Соңғы жылдары Қара теңіз, Балтық теңізі, Сирия мен өзге де аймақтарда Ресей мен НАТО ұшақтарының бір-біріне қауіпті қашықтықта жақын ұшуы жиілеген.
Мәселен, былтыр қаңтарда АҚШ әскери-теңіз күштері ресейлік Су-27 ұшағының Қара теңіз үстінде америкалық EP-3 радиоэлектрондық барлау ұшағын қақпайлап, "қауіпті маневр жасағаны" туралы видео жариялады.