Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының осы ауданның тұрғыны Жамбыл Көбейсіновтің қамаудағы уақытын тағы 10 тәулікке ұзартты. Көбейсінов "заңсыз митинг өткізуге үгіттеді" деп айыпталып, 22 мамырда 15 тәулікке қамалған.
Мұнайлы аудандық соты бұл жолы Жамбыл Көбейсіновке Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 667-бабының 2-бөлігімен "полицияға қарсылық көрсетті" деп айыптаған. Сот шешімі 30 мамырда шыққан. Бірақ ол басқа бап бойынша жазасын өтеп жатқандықтан, жаңа үкім 6 маусымнан бастап орындала бастады.
Белсендінің әйелі Ділбар Құрбаниязова "күйеуін сайлау қарсаңында әдейі қамаудан шығармай отыр" деп санайды.
Сот 16 наурызда 35 жастағы Жамбыл Көбейсіновті Әкімшілік кодекстің "құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағынбау" бабы бойынша айыптап, бес тәулікке қамаған. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының Ақтау филиалында өткен министрлердің ашық есік шарасына кірмек болған.
35 жастағы Көбейсінов - алты баланың әкесі, кенжесі әлі жасқа толмаған. Ол ақпанда Маңғыстау облысы әкімінің халықпен кездесуінде әлеуметтік мәселелерді көтерген. Көбейсінов 2016 жылы Жер митингілерінде де көзге түскен.