"Нұр Отан" партиясы атынан кезектен тыс президент сайлауына түсіп жатқан, елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Елдегі наразылықтан хабарыңыз бар ма? "Тоқаев біздің президентіміз емес" деген елде көтеріліп жатқан ұранға не айтасыз?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына:
- Оның бәрінен хабарым бар. Мен әртүрлі жаңалықтарды естіп отырмын. Бұл - халықтың таңдауы. Егер кейбір азаматтар осындай ұрандар тастаса, енді олардың таңдауы сондай, - деп жауап берді.
Ол бұл сөзін 9 маусымда Нұр-Сұлтандағы "Астана Опера" театрында орналасқан сайлау учаскесіне дауыс беруге барған кезде айтқан.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевсыз өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:
Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан коммунистік халық партиясы";
Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.
Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.
Сайлауға 1000-нан астам бақылаушы тіркелген.