Әлемдегі интернет бостандығын бақылайтын халықаралық NetBlocks тобы 9 маусымда Қазақстанда бұғаттаулар байқалғанын хабарлады. Ұлыбританияда шоғырланған ұйымның атқарушы директоры Альп Токер Азаттыққа Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 11 шамасында интернет жылдамдығының күрт баяулап кеткенін айтты. Түске қарай жылдамдық жартылай қалпына келген.
NetBlocks-тің хабарлауынша, таңертеңгі сағат 7-ден бастап Қазақстанда Twitter-дің тікелей эфирде хабар тарату функциясы істемей қалған. Кейінірек топ арнайы есеп жариялады. Онда 9 маусымда таңертең "қазақстандық интернет-провайдерлердің онлайн-стримингті бұғаттағанын", сонымен бірге интернет байланысын шектегенін жазған.
Түстен кейін қазақстандық қолданушылар қоғамдық орындарда мобильді байланыстың жөнді істемей тұрғанына шағымданды. Бұған Азаттық тілшілері де куә болды. Сайлау учаскелері мен шаралардан тікелей эфирде хабар таратпақ болған Азаттық тілшілері өзара байланыса алмай, қиындық көрді.
Азаттық тілшісімен әңгімеде Альп Токер бүгін "сайлау процесінен еркін ақпарат тарату мүмкіндігін шектеу талпынысы" байқалғанын айтты.
9 мамырда Қазақстанда бірнеше сайт, әлеуметтік желілер ашылмай қалды.Қазақстандық қолданушылар екі жылдан бері Facebook, Youtube, Telegram сияқты әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын айтып, шағымданып келеді. Дәурен Абаев Қазақстан ақпарат және қоғаммен байланыс министрі "бұғаттауға қатысы жоғын" айтты.
Әлемдегі интернет еркіндігін бақылайтын халықаралық NetBlocks тобының атқарушы директоры Альп Токер "9 мамырдағы бұғаттау жоғары деңгейде ұйымдастырылған" деп санайды.