9 маусым Алматыда өткен наразылық кезінде ұсталғандардың жақындары Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне барды. Азаттық тілшісі бөлімше алдында жиырмаға жуық адамды байқаған.
Келгендер сыртта алты-жеті сағаттан бері тұрғанын, бөлімшенің ішінде не болып жатқанын білмейтіндерін айтады. Кезекші полиция бөлімшеде қанша адам отырғанын айтпады.
9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтті. Осы күні полиция Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жүздеген адамды ұстады. Елде бір-екі сағат интернет жұмысында ақау байқалды.
ІІМ Нұр-сұлтан мен Алматыдағы наразылық кезінде 500-ге жуық адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілгенін хабарлады. Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаевтың сөзінше, "екі қалада радикал пікірдегі адамдар заңсыз митинг ұйымдастырылып, қоғамдағы тыныштықты бұзбақ болған". ІІМ өкілі митингіге қатысқандарды "арандатушылар" деп атап, олардың заң алдында жауап беретінін айтты. Министрдің орынбасары полицияның әрекетін заңға сай деп сипаттады.
ІІМ өкілі Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде үш полицияның зардап шеккенін хабарлады. Қожаев "наразылар полицияға тас, қолдарына түскен заттарды лақтырды. Көз ашытатын баллон қолданды" деп айыптады.
Министрлік өкілінің сөзінше, екі полицияға тас тиген, біреуінің көзі газ баллонынан күйген.