10 маусымда Алматыда кешкі сағат 18.00 шамасында Момышұлы - Рысқұлов көшелері қиылысындағы Алатау театры маңына жиналған 50-60 шақты адамды полиция ұстап әкетті. Олардың арасында айтыскер ақын Ринат Зайытов, режиссер Еркін Рақышев та болды.
Оқиға орнына барған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиналғандар сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап еткен.
ВИДЕО: Жиналғандар алдында сөйлеп тұрған айтыскер ақын Ринат Зайытов. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Сәлден соң алаңды қоршаған полиция жасақтары қарсылық білдірген негізгі азаматтарды әскери көліктерге отырғызып, алып кетті. Әзірге оларды қай ауданға әкеткені белгісіз.
- Біз бұл жерге Ринат Зайытовтың сайлау жайлы пікірін естуге келген едік. Бірақ оны алып кетті. Мұнда полиция бәрімізді алып кетіп жатыр. Ол дұрыс емес деп санаймын, - деді Азаттық тілшісіне есімін Данияр деп таныстырған азаматтардың бірі.
ВИДЕО: Алатау театрының маңы. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Оқиға орнында бір азамат есінен танып құлап қалды. Алаң маңында жүргендер оған көмектесіп, жедел жәрдем көлігін шақырды.
"Не үшін ұстап жатырсыздар?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына сол жерде жүрген прокурор да, Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев та жауап бермеді.
Ақырында полиция Almaty Arena маңында жүргендерді қуып тарата бастады. Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат жетіден кете бере жиналғандар саны азайды. Бірақ полиция саны көбеймесе азаймады.
ВИДЕО: Алатау театрының маңы. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Бұған дейін Ринат Зайытов Instagram-дағы парақшасында бірнеше азаматпен бірігіп түскен видеосын салып, "сайлау нәтижесін жарамсыз деп тануды" талап ететінін айтқан.
10 маусымда орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының нәтижесін жариялады. ОСК дерегінше, "Нұр Отан" кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев шамамен 70 пайыз дауыс алған. Өзін "оппозиция кандидаты" ретінде атаған саясаткер, "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов шамамен 16 пайыз дауыс алған. Ол 10 маусымға қараған түні экзит-полл нәтижесі жариялана салысымен өзінің жеңілгенін мойындап, Тоқаевты "жеңісімен" құттықтаған.
Оқи отырыңыз: Әміржан Қосанов Тоқаевты "жеңісімен" құттықтады.
Ал "өздері болған сайлау учаскелерінде Тоқаевтың емес, Қосановтың жеңгені" жайлы мәлімет таратқан тәуелсіз бақылаушылар, кейбір қолданушылар "Қосановтан көңілдері қалғанын" айтып, "бірақ соған қарамастан сайлаудың нәтижесін жарамсыз деп тануды талап ететіндіктерін" айтқан.
Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға бойкот жариялайтындықтарын айтты. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 500 адам ұсталған. Құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан да көп екенін айтады. 10 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталған үш адамның бес күнге қамалғаны белгілі болды.
10 маусымда да полиция Алматыда 30-ға жуық азаматты ұстады. Бұл оқиғаға Азаттық тілшісі куә болды. Журналист Джоанна Лиллис Twitter-дегі парақшасында полицияның жүз шақты адамды ұстағанын өз көзімен көргенін жазды. Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, қала орталығында 6 адамды ұстаған.