Тоқаев Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразыларды ұстау "қажет болғанын" айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде кезектен тыс президент сайлауы болған 9 маусымда және ертеңінде үкіметке қарсы бейбіт шеруге шыққандарды ұстаған полицияны мақтап, акцияға қатысушыларды ұстау "қажет болғанын" айтты деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері. Дүйсенбі күні Нұр-Сұлтандағы президент резиденциясында өткен баспасөз мәслихатында Тоқаев Алматы мен ел астанасында "бірқатар азамат өз пікірін білдіру үшін көшеге наразылыққа шыққаны" туралы мәлімдеді. Алайда наразылардың саны мен талабы туралы ештеңе айтпады. Ол елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр" деген.

Президент кей азаматтардың "сырттан алған ақпаратқа еріп, заңсыз әрекетке барғаны" және "өздерін дөрекі ұстап, полицияны арандатқаны" туралы мәлімдеген. Ол күш құрылымдарының "барынша ұстамдылық" танытқанын айтқан.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен 9 маусым, биліктің сайлау процесін мұқият бақылауда ұстау мақсатында қабылдаған шараларына қарамастан жүздеген адам үкіметке қарсы бейбіт шеруге шығуымен ерекшеленді. 10 маусымда сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланғаннан кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда көшеге шыққан азаматтарды ұстау тағы жалғасты. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер полиция билікке наразы азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытқаны туралы хабарлады.

Наразы азаматтардың билікке қойған талабы туралы сұраққа берген жауабында президент Тоқаев қоғамның түрлі өкілдері енетін "Қоғамдық сенім комитеті" аясында "пікір алмасуға" шақырды.

Қазақстандықтардың бір бөлігінің бұл жолғы сайлауға бойкот жариялағаны жайлы сұраққа Тоқаев: "Ешбір бойкотты ұнатпаймын. Мейлі сайлау немесе басқа салада болсын. Бойкот сәтсіздікке ұшырады дегім келеді. (Дауыс бергендер) өте көп болды" деп жауап берді.

Дүйсенбі, 10 маусым күні Алматыдағы Астана алаңынан ондаған адамды көлікке күштеп салып, алып кетті. Ол азаматтар ешқандай ұран айтпай, плакат ұстамай жай тұрған болатын. Ұсталғандардың бірі полицияның қылығына наразы болып өз қолын кесті. Оны жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізді.

Ішкі істер министрлігі Алматы мен Нұр-Сұлтанда 9 маусымда "500-ге жуық адам" ұсталғаны туралы хабарлады. Ұсталғандардың адвокаттары, туыстары, куәгерлер мен белсенділердің айтуынша, түн мезгілінде өткен сот әкімшілік қамау жазасына кескен азаматтарды полицияның жабық көлігімен көрші қалалардағы уақытша ұстау изоляторына апарған.

Дүйсенбі күні Алматының Астана алаңы мен мемлекеттік опера және балет театры маңында болған оқиғалардан хабар таратқан журналистердің есебі бойынша, полиция кемінде жүз адамды ұстап әкеткен.

10 маусым күні кешке Алматының батыс ауданындағы "Алатау" театры маңына жиналып, президент сайлауының ресми қорытындысына наразылық білдірген азаматтарды полиция күшпен таратты.

Сол күні Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауында елдің қазіргі президенті, биліктегі "Нұр Отан" партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың 70,76 пайыз дауыс алып, жеңіске жеткенін хабарлады. ОСК мәліметінше, қазақстандық сайлаушылардың 77,4 пайызы президент сайлауына дауыс беруге қатысқан.

Өзін осы сайлауға "оппозициядан түскен кандидатпын" деп атайтын Әміржан Қосанов 10 маусымға қараған түні сайлаудың ресми қорытындысын мойындайтынын мәлімдеді. ОСК дерегінше, сайлаушылардың 16,02 пайызы қолдау білдірген Қосанов саяси бәсекеде екінші орын алған.