Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. ОСК сайтында дүйсенбінің кешінде шыққан ресми ақпаратта "Нұр Отан" партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауда жеңіске жеткені айтылған.
ОСК мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевты 6 млн 539 мың 715 сайлаушы немесе дауыс беруге қатысқан азаматтардың 70,96 пайызы қолдаған. Қазақстанда сайлаушылар тізіміне 11 млн 960 364 азамат енгізілген.
Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауына қатысқан өзге алты кандидат жинаған дауыс санын да жариялады:
- Қазақстан коммунистік халық партиясы кандидаты Жамбыл Ахметбеков – 167 649 дауыс немесе сайлауда берілген дауыстың 1,82 пайызы;
- "Ақ жол" партиясы кандидаты Дания Еспаева - 465 714 дауыс немесе 5,05 пайыз;
- "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан қатысқан Әміржан Қосанов - 1 млн 495 401 дауыс немесе 16,23 пайыз;
- "Ауыл" партиясы кандидаты Төлеутай Рақымбеков - 280 451 дауыс немесе 3,04 пайыз;
- Қазақстан кәсіподақтары федерациясы ұсынған Амангелді Таспихов – 182 898 дауыс немесе 1,98 пайыз;
- "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі өкілі Сәді-Бек Түгел – 84 582 дауыс немесе 0, 92 пайыз.
ОСК Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсімі 2019 жылғы 12 маусымға белгіленгенін хабарлады.
Кезектен тыс президент сайлауы өткен 9 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте жүздеген адам көшеге шығып, сайлауға қарсылық білдірді. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 500 адам ұсталған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер ұсталғандар саны бұдан да көп дейді. Ұсталғандар арасында журналистер де болды. 10 маусымда да полиция Алматы мен Нұр-Сұлтанда ондаған азаматты ұстады.
Алматыда полиция ондаған адамды ұстады. 10 маусым 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Дүйсенбі күні Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы туралы алдын ала есебін жариялаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясы делегациясының басшысы Маргарета Кинер Неллен бейбіт жиында азаматтарды, журналистерді жаппай ұстау жиналу еркіндігі мен пікір айту құқығын бұзады деп мәлімдеді.
Жексенбі күні сайлау учаскелерінде дауыс беру барысын бақылаған азаматтар заң бұрмалаушылық көп тіркелді дейді. Әлеуметтік желілерде сайлау кезіндегі "заңбұзушылық фактілері" жайлы түрлі ақпарат көптеп тарады.
10 маусымда кешке Алматыда Бауыржан Момышұлы - Тұрар Рысқұлов көшелері қиылысындағы Алатау театры маңына бір топ адам жиналып, сайлау нәтижесін қарсылық танытты. Ол жерден полиция ондаған адамды ұстап әкетті.
Сайлау нәтижесіне наразыларды полиция ұстады. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Сейсенбіге қараған түні Алматыда полиция Төле би көшесінің бойында шамамен жүзге жуық адамды ұстағаны туралы ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады. Полицияның нақты қанша адамды ұстағаны белгісіз. Алматы қалалық полиция департаменті мен елдің ішкі істер министрлігі бұл оқиға жайлы түсініктеме берген жоқ.