Қазақстандық эстрада әншісі Қайрат Нұртас биліктен митинг кезінде ұсталғандарды босатуды талап етті. Бұл туралы ол 11 маусымда Instagram желісіндегі парақшасына жазды.
Әнші "елде болып жатқан жайттарға бей-жай қарамайтынын, үнсіз отыра алмайтынын" жазды. Қайрат Нұртас "биліктегілердің халықтың мұң-мұқтажын еститін кезі келді" деп санайды.
"Конституцияға сәйкес елдің бірінші байлығы – халық" деп жазған әнші "үкіметтен жан-айқайын жеткізіп, қамалған халықты босатуды сұрады".
Қайрат Нұртас - "Нұр Отан" партиясының мүшесі. Биылғы сайлау науқанында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдау шараларына қатысқан.
9-10 маусымда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбеде полиция жүздеген адамды ұстады. ІІМ екі күнде елде 700-ге жуық адам ұсталғанын, оның көбі жазалағанын мәлімдеді.
9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтіп, "Нұр Отан" кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіске жеткен.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда болған митингіні "заңсыз" деп санайды. 10 маусымда Ақордада өткен баспасөз мәслихатында Тоқаев "сайлау күні қоғамдық тәртіпті қадағалаған" полицияға алғыс айтқан.
10 маусым кешкісін Алматыда ақын Ринат Зайытов бастаған бір топ адам сайлау нәтижесіне қарсы шығып, жиналған. Оларды да полиция ұстап әкеткен. Ұсталғандардың арасында Зайытов та болған. Кейін екі жүзден астам адам ақынды босатуды талап етіп, Алматы қалалық полиция департаментіне жиналған. Бірнеше сағаттан соң "полиция босатқан" Ринат Зайытов жиналғандардың алдына келіп, тарауды сұраған. Кейін жиналғандар да ақырындап тарай бастаған.
Кейбірі жаяу, енді біреулері автокөлікке отырып, Масаншы көшесімен төмен түсіп, Төле би көшесіне қарай беттеген азаматтар автокөліктерінің дыбыс белгісін қосып, әнұран мен патриоттық әндерді шырқай бастады. Жол-жөнекей оларға басқа адамдар да қосылып, колонна қарасы көбейе бастаған. Біршама уақыт өткенде қалада адамдарды ұстап жатқаны туралы жаңа ақпарат тараған.