Қырғызстан парламенті ел аумағында уран өндіруге тыйым салатын заң жобасын қарамақшы. Жобаны ұсынған жеті депутат мұндай заң "азаматтардың денсаулығын қорғауға, олардың лайықты өмір сүріп, жұмыс істеуіне және демалуына деген құқығын сақтауға әрі экологиялық апаттан сақтану үшін" қажет екенін айтады.
Егер заң жобасы қабылданса, елде уран кеніштерін игеру, уран кенін барлау және өндіру жұмыстарына тыйым салынады. Ал осы салада жұмыс істеп жатқан компанияларға берілген рұқсат заңды күшін жояды.
Қырғызстанда қазір уран барлауға 18 лицензия берілген. Олардың бесеуі Ыстықкөл облысындағы биосфералық аймаққа кіретін аумақтарда орналасқан кәсіпорындарға берілген.
Биыл сәуір айында Қырғызстан тұрғындары наразылық шарасын өткізіп, үкіметтен Жалалабад облысындағы Кызыл-Омпол және Ыстықкөл облысындағы Таш-Булак кеніштерін игеруге тыйым салуды талап еткен. Ыстықкөлдегі кенішті игеру жұмыстары жаппай наразылықтан соң тоқтады.
Парламент депутаттары Кызыл-Омпол кенішінде барлау жұмыстарын жүргізген "ЮрАзия в Кыргызстане" компаниясына уран өндіру бойынша берілген лицензияның заңдылығын тексеруді талап етті. Бұған қоса, ондағы уран кенішін барлауға бұрын мемлекеттен рұқсат алған компания жұмысын да тексеруді сұраған.
Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Кубатбек Бороновтың айтуынша, Қырғызстан аумағында 92 кеніш және радиациялық қалдық төгетін орын бар. Елдегі радиоактивті қалдықтардың жалпы көлемі 11,9 миллион текше метрге жеткен.