Өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын әсіре исламшыл террорлық топ 19 мамырда Тәжікстанның Вахдат қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде шыққан бүлікті мойнына алды. Бүлік кезінде 32 азамат қаза тапқан. ИМ тобына тиесілі "Әл-Набаа" басылымы ешбір дәйек келтірместен, "бүлік шығарғандар - халифат сарбаздары" деп жазды. Бұл туралы Reuters хабарлады.
19 мамырда кешке Душанбеден 25 шақырым жерде жатқан Вахдат түрмесінде бүлік шыққан. Биліктің хабарлауынша, жергілікті уақытпен сағат 20.30 шамасында пышақ және өзге де өткір затпен қаруланған 30-ға жуық сотталған азамат түрменің үш күзетшісін кепілде ұстап, артынша оларды өлтіріп, өздерін босатуды талап еткен. Министрлік бүлікті "Ислам мемлекеті" террористік тобының қызметіне араласқаны үшін сотталғандар шығарған деп мәлімдеген.
Вахдат түрмесінде шамамен 1500 адам қамауда отыр. Олардың көбі – терроризм және экстремизм бабымен сотталғандар.
Былтыр 8 қарашада Тәжікстанның Худжанд қаласындағы түрмеден бүлік шыққан. Ресми дерек бойынша, 21 сотталған азамат пен екі күзетші қаза тапқан. "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы Худжандтағы бүлікке ұйым мүшелерінің қатысы барын мәлімдеген.
Ресми Душанбенің дерегінше, мыңға жуық Тәжікстан азаматы ИМ қатарына қосылған.