Біріккен Ұлттар ұйымының арнайы баяндамашысы Аньес Каламар саударабиялық журналист Жамал Хашоггидің өлімін тергеу бойынша зерттеу қорытындысын жариялады.
Каламардың сөзінше, Түркия арнайы қызметі БҰҰ сарапшыларына Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдында журналист Хашогги өлтірілген күні жазылған аудиожазбаның үзіндісін берген. "Осы және өзге дәлелдер Хашоггидің Сауд Арабиясының лауазымды тұлғалары ұйымдастарған аяусыз қастандық құрбаны болғанын көрсетеді" дейді Каламар.
Сондай-ақ ұйым журналист өліміне күдікті деп танылған 11 адамға қатысты тергеу "жабық түрде жүргізіліп жатыр" деп Эр-Риядты сөкті. Каламар "Бұл жағдайда кінәлі деп Сауд Арабиясын тану керек. Эр-Рияд қастандығы үшін Хашогги отбасынан кешірім сұрап, күдікті деп ұстағандарды босатуы тиіс" дейді.
Хашоггидің өліміне тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның қатысы бар деп бұған дейін, 2018 жылы 14 желтоқсанда АҚШ сенаты қарар қабылдаған. Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) сарапшылары Хашоггиді өлтіруге тапсырманы тақ мұрагерінің өзі ғана бере алады деген қорытындыға келген. АҚШ бұған дейін Сауд Арабиясының Хашоггиді өлтіру операциясына қатысты делінген 17 азаматына санкция салған.
Washington Post газетінің тілшісі Жамал Хашогги былтыр қазан айының басында Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында қаза болған. Журналист соңғы жылдары Эр-Риядтың саясатын қатаң сынап жүрген. Түркия мен АҚШ журналистің өліміне Сауд Арабиясының жоғары билігі, оның ішінде тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның қатысы болуы мүмкін деп санайды. Сауд Арабиясының билігі қастандыққа қатысы барын жоққа шығарған.