Иран америкалық дронды атып түсіргенін хабарлады. Бұл ақпаратты ислам революциясының сақшылар корпусы таратты. Олардың айтуынша, дронды Иранның оңтүстігіндегі Хормозган провинциясында атып құлатқан.
"Барлау мақсатында" жіберілген ұшу аппараты "Иранның әуе кеңістігіне кірген". Иранның мемлекеттік ақпарат агенттіктері аппараттың RQ-4 Global Hawk моделіне жататынын жазды. Басында АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі ол аумақта ешқандай америкалық техника, ұшқышсыз басқарылатын аппарат болмағанын айтқан. Кейінірек бірқатар БАҚ америкалық жоғары лауазымды шенеуніктердің Ормуз бұғазындағы халықаралық әуе кеңістігінде әскери дронның атып түсірілгенін растағанын жазды.
Иран мен АҚШ арасында жағдай ушығып тұрған шақта америкалық дронның атып түсірілгені туралы ақпарат шығып отыр. АҚШ бұған дейін Тегеранды Оман шығанағындағы мұнай танкеріне шабуыл жасады және өзге де "қастық әрекеттері" үшін айыптаған. Сарапшылар әскери қақтығыс тұтанып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. АҚШ аймаққа тағы мың сарбазды жіберу туралы шешім қабылдаған.