Стамбул мэрін қайта сайлау кезінде оппозиция кандидаты Экрем Имамоглу жеңді. Имамоглу Түркия президенті Режеп Ердоған жетекшілік ететін "Әділдік және даму" партиясының үміткері Бинали Йылдырымнан алғашқы сайлаудан да басым айырмамен - 9 пайызбен алға шықты. Оппозиция лидеріне сайлаушылардың - 54 пайызы, билік партиясының өкіліне 45 пайызы дауыс берген. "Анадолу" агенттігінің ақпаратына қарағанда, бюллетеньдердің 99,37 пайызы саналған.
23 маусымда Стамбулда қала әкімін қайта сайлау өткен. Әкімдікке 20 шақты үміткер бар болғанымен негізгі тартыс президент Ердоған жетекшілік ететін партия үміткері Бинали Йылдырым мен оппозициялық халықтық-республикалық партиясының кандидаты Экрем Имамоглу арасында жүрген.
Биыл наурызда өткен сайлау қорытындысы Ердоған жақтастарының шағымынан соң "заңбұзушылықтар мен бұрмалау болды" деген себеппен жарамсыз деп танылған еді. Түркия орталық сайлау комиссиясы әуелде оппозиция кандидаты Имамоглуның жеңісі заңды болды деп мәлімдеген. Алайда артынша нәтиже жойылған соң қалада наразылық акциялары өтті.
Ердоған да, Йылдырым да жеңілісті мойындап, оппозиция кандидатын құттықтады.