Шымкент қаласындағы Абай аудандық сотының шешіміне сай, республикалық "Жемқорлыққа қарсы күрес" қоғамдық қорының өкілі, заңгер Жаңабек Әбішев өзін сотқа берген кәсіпкер Александр Абдиевке 30 мың теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Сот шешімі 24 маусымда шықты. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Әбішевтің үстінен "Аппақ" компаниясының басшысы Александр Абдиев "ар-намысына тиді" деп, сотқа шағым түсірген. Жаңабек Әбішев Александр Абдиевтің қол астында істейтін жұмысшылардың құқығын қорғаған. Белсенді Әбішев "Абдиев жұмысшыларды түрлі сылтаумен заңсыз жұмыстан шығарды" деген. Осыдан кейін Абдиев Әбішевті сотқа берген.
Александр Абдиев белсендіден алғашында бес миллион теңге, сот тергеуі кезінде жеті миллион теңге өндіріп беруді талап еткен. Аудандық соттың судьясы Мейрамгүл Құдайбергенова Жаңабек Әбішевті Александр Абдиевке 30 мың теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді. Белсенді Жаңабек Әбішев соттың шешімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.
Сот шешімін тыңдауға Александр Абдиев келмеді. Оның адвокаты Эльдар Гайсин сот шешіміне қатысты пікір бере алмайтынын айтты.
Жаңабек Әбішев бұған дейін "міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көрген" шымкенттік мұғалім Гүлжан Сәлімбаеваның, билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКФ) бұрынғы жетекшісі Лариса Харькованың, мәжбүрлі емдеуге күштеп жатқызылған белсенді Ардақ Әшімнің сот істеріне сенімді өкіл ретінде қатысқан.