Нұр-Сұлтан әкімдігі 6 шілде Астана күніне жоспарланған шетелдік және қазақстандық әншілердің ашық аспан астындағы концерті мен бірнеше шараны өткізуден бас тартып, мерекеге кететін шығынды азайтатындарын мәлімдеді. Бұл туралы 28 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен брифингіде қала әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов айтты.
Каналимовтің сөзінше, Астана күніне орай бұған дейін 300 шара өтіп келген. Биыл бұл мерекеге орай 100-дей шара ұйымдастырылады. Әкім орынбасары брифингіде биылғы мерекеге қанша қаржы кететінін нақты айта алмады, бірақ "былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда шығын аз болады" деді.
24 маусымда Арыс қаласында әскери қоймада болған жарылыстан кейін әлеуметтік желі қолданушылары биліктен Астана күніне кететін қаржыны Арысқа беруді талап еткен. Олардың арасында "Астана күнін тойлаудан бас тартуды" ұсынғандар да болған.
Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов Астана күнінің шығынын қысқарту Арыстағы жарылысқа қатысы жоғын, бұрыннан жоспарланғанын айтты. Оның сөзінше, "халықтың сүйікті мерекесіне айналып кеткен Астана күнін тойлаудан бас тарту мүмкін емес".
Your browser doesn’t support HTML5
6 шілде Қазақстанда Астана күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді. Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан.
Назарбаев президенттіктен кеткен соң орнына 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. 20 наурызда Тоқаев ант беру рәсімінен кейін Астана атауын Назарбаевтың құрметіне "Нұр-Сұлтан" деп өзгерту туралы ұсыныс жасап, оны парламент бірауыздан қолданған. 22 наурызда Алматы мен Астанадағы наразылық шарасы кезінде біраз адам Астана атауын "Нұр-Сұлтан" деп деп өзгертуге қарсы шыққан. Халық наразылығына қарамастан 23 наурызда Тоқаев Астана атауын "Нұр-Сұлтан" деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойған.