Грузиядағы үкіметке қарты наразылықтардан кейін грузин джаз әншісі Нино Катамадзе Ресейдегі концерттерін тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында хабарлап, өзінің Грузия ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап еткен наразыларды қолдайтынын мәлімдеді.
Пост кейін жоғалып кетті, алайда оның мәтінін бірқатар БАҚ көшіріп жариялаған.
"Гавриловтың (Ресей мемлекеттік дума депутаты - ред.) отырғанын көрген алғашқы секундтан бастап-ақ, сіздер сияқты сезімде болдым. Ресей – оккупант, Путин – біздің ортақ жауымыз" деп жазылған әншінің постында. Бұл постты "Грузия Online" басылымы жариялады.
Бірер күн бұрын Катамадзе Мәскеудегі "Усадьба Jazz" фестиваліне қатысқаны үшін Грузияда сынға ұшыраған.
20 маусым күні кешке Грузия астанасы Тбилисиде он мыңға жуық адам наразылық білдірген. Оған Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Гавриловтың парламент спикері мінберіне көтеріліп, орыс тілінде сөйлеуі себеп болған. Грузияға ресми сапармен келген Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Ресей коммунистік партиясының мүшесі Сергей Гаврилов әлемнің бірқатар елінің өкілдерін біріктіретін парламентаралық православ ассамблеясының жиынына төрағалық еткен еді. Оның парламент спикері орнына отырып алуы әуелі отырысқа қатысқан депутаттардың наразылығын туғызды. Гавриловты Ресей президенті Владимир Путиннің серігі деп санайтын грузиялық азаматтар ол Грузияның сепаратистік аймақтары - Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қолдау білдірген Мәскеудің іс-әрекетін құптайды деп есептейді. Кейінірек парламент отырысындағы наразылық көшеде жалғасты.
Бұрын Совет одағына кірген Грузияда Ресей ықпалы – нәзік тақырып. 2008 жылы екі ел арасында әскери жанжал болып, Абхазия мен Оңтүстік Осетия Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей қолдауына ие болған сепаратистер 2008 жылғы қақтығыстан соң осы екі аймақты бақылауына алған. Мәскеу оларды тәуелсіз мемлекет деп мойындап, төрт мың әскерін орналастырды. Содан бері Ресей мен Грузия арасында ресми дипломатия орнаған жоқ.