Қазақстан президенті сайлауының нәтижесін даулап жүрген тәуелсіз бақылаушы Серік Әбішевті 2 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаменті шақырып, сұрақтар қойған. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі айтты.
Департаменттен шыққан Әбішев 3 шілдеде Алматыда баспасөз мәслихатын өткізетінін жеткізді. Бұған дейін белсенді өзіне ҰҚК қызметкерлері тарапынан қысым жасалып жатқанын айтқан еді. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаментінен шыққан соң Әбішев “өзіне жасалған қылмысқа ҰҚК-ның қатысы жоқ екенін” жеткізді.
- Менен жауап алды, қызметкерлердің деректерімен таныстым. Маған қысым көрсеткендер ҰҚК қызметкерлері арасында жоқ екен. Бұл анық. Маған қысым жасағандар арасында ҰҚК қызметкерлері болмағанын айтып, 3 шілдеде арнайы мәлімдеймін. Маған ешқандай қысым жасалмады, - деді Әбішев Азаттыққа телефон арқылы.
Осы күні халықаралық адам құқығын қорғау бюросының өкілі және журналист Сергей Дувановтан да осы іс бойынша жауап алған. Дувановтың сөзінше, ол ақпаратты таратпау туралы қолхат жазып берген.
3 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаменті “Ар.Рух.Хақ” үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға да шақырту берген. Төреғожина Азаттыққа департаменттің не үшін шақырып жатқанын білмейтінін айтты. Бұл шақыртудың Әбішев ісіне қатысы бар-жоғы да белгісіз.
Азаттық Төреғожинаның шақыртуында көрсетілген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаментінің тергеушісі Каримтаевпен байланыса алмады. Департаменттің өзінен де коментарий алу мүмкін болмады. Азаттық бұған дейін Әбішевтің “қысым жасалды” деген мәлімдемесіне қатысты ҰҚК-ға ресми хат жолдаған. Бұл хатқа әлі жауап келген жоқ.
15 маусымда Әбішев пен бірнеше тәуелсіз бақылаушы Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, 9 маусымдағы президент сайлауында ондаған заң бұзу фактісін анықтағанын айтқан. Олар кейбір сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижесін жоққа шығаруды талап етіп, сотқа шағымданған. Аудандық соттар олардың 60 шағымын қанағаттандырмай тастаған. Әбішев сот шешімдерін апелляцияға беретінін айтқан.
26 маусымда Әбішев әлеуметтік желідегі парақшасында “Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаменті мені заңсыз ұстаған ҰҚК қызметкері үстінен тергеу бастады” деп жазған. Әбішев ҰҚК бұл іс бойынша “қызметін асыра пайдалану” бабы бойынша іс қозғағанын да айтқан.
30 маусымда Әбішев Алматыдағы рұқсат етілген митингіде сөз сөйлеп, “Орталық сайлау комиссиясын және парламентті таратуды” талап еткен. Ол биліктен БАҚ туралы, сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңды өзгертуді сұраған.
19 маусымда Қазақстан бас прокуратурасы 9 маусымдағы президент сайлауында заң бұзылмағанын, дауыс беру заңға сай өткенін мәлімдеген.