АҚШ конгресі өкілдер палатасы Бюджет комитетінің төрағасы Ричард Нил АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин мен салық қызметінің директоры Чарльз Реттигтің үстінен федералдық сотқа талап арыз берді. Нил ол екеуінен АҚШ президенті Дональд Трамптың қызметіне ресми түрде кіріскенге дейін алты жыл бойы қанша салық төлегені көрсетілген құжаттарды көрсетуді талап етіп отыр.
Конгресс соттан Ақ үй әкімшілігінің салық құжатын көрсетуден бас тартуының заңдылығын анықтап беруін сұрайды.
Мамыр айында Стивен Мнучин Әділет министрлігінің хатына сілтеп, конгрестің талабын орындаудан бас тартқан. Ол хатта конгресс мүшелері талабының заңды күші жоқ және Трамптың Ақ үй басшылығына келгенге дейінгі мерзімдегі салық құжаттарымен танысуға олардың құқығы болмағандықтан, әкімшілік оған жауап бермесе де болады деп жазылған. Ал демократтар АҚШ салық кодексі ережесіне сәйкес, конгрестің арнайы комитеттері АҚШ-тың кез-келген азаматының, оның ішінде президент Трамптың да салық төлемдері туралы жеке мәліметін сұрата алатынын айтады.
Комитет құрамындағы республикашылдар Мнучинді жақтап, демократтар сауалы еш негізсіз әрі қауіпті деп санайды. Комитеттің жоғары лауазымды өкілі, Техас штатынан сайланған республикашыл Кевин Брэди демократтар талабының астарында президентті қаралау мақсаты жатыр, ал ол комитеттің салық төлеушілер жайлы ақпарат алатын әдеттегі процесіне қайшы деп мәлімдеді.
Демократтардың көпшілігі атқарушы билікті сотқа берген Ричард Нилдың бастамасын құптайды. Олардың айтуынша, бұл Дональд Трамптың президент қызметінде және президенттікке кандидат кезіндегі кәсіпкерлік іс-әрекетінің жай-жапсарын анықтау үшін жасалған қисынды қадам болмақ.