Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты 5 шілде күні белсенді Әлібек Молдинді бес тәулікке қамады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
Соттың мәліметінше, 4 шілде күнгі сағат 11.05 шамасында полиция қызметкерлері Әлібек Молдиннің үстінен әкімшілік хаттама толтырмақ болып, оның өздерімен бірге полиция бөлімшесіне баруын өтінген. Әлібек Молдин полицияның талабына бағынбаған.
Сот қала тұрғынын «полицияға бағынбады» (Әкімшілік кодекстің 667-бабы) деп айыптады. Белсенді сот үкімімен келіспейді.
- Менің [Мұхтар] Әблязовпен де, оның қозғалысымен (ҚДТ - ред.) де еш байланысым жоқ. Бірақ азаматтық позициясы бар, қоғамдағы келеңсіздіктер туралы пікірімді еркін айтып жүрген азаматпын. Сондықтан билік менен 6 шілде күні наразылық білдіреді деп алдын-ала сақтанса керек. Бұл тапсырыспен істелген іс, - деді Әлібек Молдин Азаттыққа телефонмен.
Ақтөбе полициясы Молдинді 4 шілдеде ұстаған. Ол 9 маусым президент сайлауы қарсаңында әкімшілік сот қаулысымен үш тәулікке қамалған болатын. Ол кезде Әлібек Молдинге "6 маусым күні автокөлігінің терезесінен көшеге қоқыс лақтырды" деген айып тағылған. Молдин "ешқандай тас лақтырмағанын, билік сайлау алдында шу шығарады деп қамағанын" айтқан. Ол қамаудан шыққан соң сот қаулысына қатысты апелляциялық шағым түсірген. 1 шілде күні апелляциялық алқа белсенділер шағымын қанағаттандырмаған.
Сыншылардың пайымдауынша, Қазақстан билігі "6 шілдеде наразылық шарасы болады" деп қауіптеніп, алдын ала "шаралар" қолданып жатыр.
4 шілдеде Қазақстан бас прокуратурасы мәлімдеме жасап, "6 шілдеде заңсыз митингіге шыққандар" жазаланатынын ескертті. Мәлімдеме Қазақстанда қызметіне тыйым салынған ҚДТ ұйымының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды 6 шілде Астана күні митингіге шақырып жатқан сәтте жарияланды.
- 6 шілде Қазақстанда Астана күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді. Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан.
- Қазір Назарбаев – билік партиясы "Нұр Отанның" төрағасы және Қауіпсіздік кеңесінің басшысы. Назарбаевтың "Ұлт көшбасшысы" және "Елбасы" деген статусы бар. Қазақстан заңына сай, Назарбаевтың өзіне және отбасына қылмыстық іс қозғалмайды.
- Назарбаев президенттіктен кеткен соң орнына 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Тоқаев 9 маусымда өткен президент сайлауында 70 пайыздан артық дауыс жинап жеңіске жетті. Сайлау күні халық билікке, сайлауға қарсы наразылыққа шығып, полиция мыңдаған адамды ұстаған. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін заңсыз деп сынады. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы халықтың наразылығына қарамастан сайлау нәтижесін заңды деп тауып, 12 маусымда Тоқаев ант етіп, қызметіне кірісті.
- Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы президент сайлауының әділ өткеніне жиі күмән келтіреді. Қазақстан билігі сайлау жайлы сын айтқан халықаралық ұйымдардың мәлімдемесіне ресми түрде жауап бермеген.
- ҚДТ қозғалысын экс-банкир, Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов құрған. Қазақстан соты оны сырттай ұзақ уақытқа соттаған. Ал Әблязов өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды.