Ливияда алдағы президент сайлауына ықпал етуге тырысты деп айыпталған екі ресейлік ұсталды. Бұл ақпаратты елдің бас прокуратурасына сілтеме жасаған Bloomberg агенттігі хабарлады. Аты-жөні көрсетілмеген екі ливиялық шенеунік те бұл хабарды растаған.
Прокуратура құжатына сәйкес, ресейліктер 2011 жылы өлтірілген Ливия басшысы Муаммар Каддафидің ұлы Саиф әл-Ислам Каддафимен кездесуге тырысқан. Агенттік дерегінше, Мәскеу қолдауына сүйенген кіші Каддафи Ливия президентігінен үміткер болуы ықтимал.
Ұсталған ресейліктердің компьютері мен флеш-картасын тәркілеп алған. Ондағы файлдар бұл екі азаматтың кейбір Африка елдерінде сайлауға ықпал еткен компанияларда жұмыс істегенін дәлелдеген. Ұсталғандар мамыр айынан бері қамауда отыр. Олардың аты-жөндері аталмайды.
"Проект" басылымы наурыз айында 20 шақты Африка елінде ресейлік бизнесмен Евгений Пригожинмен байланысы бар 100-200 аралығында саяси технолог жұмыс істейтінін хабарлаған. Олар жергілікті саяси процестерге ықпал етуге тырысып, ресейшіл кандидаттардың сайлауда жеңіп шығуына көмектеседі. Зерттеуде аты аталған елдер қатарында Ливия да бар.
Мамыр айында ұсталған ресейліктердің Пригожин құрылымына қатысы бар ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.