"Шұбаркөл көмір" кеншілер талабынан соң жұмыс тобы құрылғанын хабарлады

Компания ғимараты алдында жиналып тұрған "Шұбаркөл көмір" жұмысшылары. 6 шілде 2019 жыл.

"Шұбаркөл көмір" компаниясы Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір разрезінде 6 шілде таңертең болған оқиғаға түсініктеме берді. Сенбі күні таңертең жүздеген жұмысшы компания президенті Андрей Сафоновпен кездесуді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартқан еді.

Компанияның хабарлауынша, 6 шілдеде таңертең өнеркәсіп алаңындағы жұмысшылардың бір бөлігі "Орталық" разрезінің әкімшілік-тұрмыстық кешенінде жиналып, "еңбек кикілжіңіне байланысты мәселелерді шешуді талап етіп, кәсіпорын басшылығына мәлімдеме" жасаған.

"Атап айтқанда, кейбір цех және бөлім жетекшілеріне сын-ескертпе айтылды. Кеншілердің пікірінше, олар еңбек процесін ұйымдастыру және бақылау кезінде қызметтік өкілетін асырған. Кейбір бөлім жетекшілерін қызметтен босатуға байланысты өткір сұрақтар сол мезетте шешілді, қалған мәселелерді шешу үшін жұмыс тобы құрылды" делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

Компанияның хабарлауынша, қазіргі кезде цех және бөлім қызметкерлерінің барлығы жұмысқа оралған, цех қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Сафоновпен кездесуге келген жұмысшылардың тарағанын Азатыққа кеншілердің өздері де растады.

Бүгін таңертең Шұбаркөл көмір разрезінің шамамен 300 кеншісі жұмысқа шығудан бас тартып, компания басшыларының келуін талап еткен еді. Олар наразылыққа 32 жастағы кеншінің өз-өзіне қол жұмсауы себеп болғанын, бұған компания басшылығы тарабынан жасалған қысым себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Кеншілер бұған қоса, басшылықтағы бірнеше адамның қызметтен кетуін, жұмысшылардың өндірісте қаза табу оқиғаларын толық әрі объективті зерттеуді, қайтыс болған адамның отбасына материалдық көмек көрсетуді, жұмыс орнында қызметкерлермен адами қарым-қатынас жасау, жұмыс тоқтатқан азаматтарға қысым жасамауды талап еткен.

Оқи отырыңыз: "Шұбаркөл көмір" кеншілері жұмысын тоқтатқанын хабарлады

Компанияның ресми түсініктемесінде жұмысшының өз-өзіне қол жұмсауы туралы айтылмаған.

Қарағанды облыстық полиция департаменті Нұра ауданы "Орталық" ауылында 5 шілдеде 33 жастағы Қарағанды тұрғынының өз-өзіне қол жұмсағанын растады.

- Бұл факті сотқа дейінгі тергеу бойынша бірыңғай реестрде "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша тіркелген. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалған, - деді департамент өкілдері.

"Шұбаркөл көмір" - Қазақстанда көмір өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. 1985 жылы "Шұбаркөл көмір разрезі" ретінде құрылған.

Қазақстандық қор биржасы дерегінше, компания акциясының 50 пайызы - SHK Eurasian Holding B.V, 50 пайызы "Еуразиялық энергетикалық корпорациға" тиесілі. Компания акциясының жалпы құны 300 миллион долларға бағаланған.