Ресейде Грузияға жолаушы тасымалдауға салынған тыйым күшіне енді. Тбилиси-Мәскеу рейсімен ұшқан ең соңғы ұшақ - "Аэрофлот" әуе компаниясының ұшағы бүгін, 8 шілде күні таңғы 5.00-де Шереметьево әуежайына қонды.
Грузиялық Georgian Airways және MyWay Airlines компаниялары ТАСС агенттігіне Ресейге соңғы рет 7 шілдеде ұшып барғандарын хабарлады.
Таяуда Ресей көлік министрі Евгений Дитрих "Грузияға қатынауға тыйым салынған соң ресейлік әуе компаниялары 3 миллиард рубль (шамамен 47 млн доллар) зарар шегуі мүмкін" деген болжам айтқан. Ресей үкіметі әуе компанияларға бұл шығынды өтеп беруге уәде еткен.
21 маусымда Ресей президенті Владимир Путин Грузияда наразылық күшейіп тұрған шақта 8 шілдеден бастап ресейлік әуе компанияларға Грузияға жолаушы тасымалдауға тыйым салған. Көлік министрлігі "тап сол күннен, 8 шілдеден бастап Грузия әуе компанияларына Ресей аумағына ұшып кіруіне тыйым салынады" деп хабарлаған.
Грузияда наразылық 20 маусымда басталған. Оған Ресейдің мемлекеттік дума депутаты Сергей Гавриловтың парламент спикері мінберіне көтеріліп, орыс тілінде сөйлеуі себеп болған. Грузияға ресми сапармен келген Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Ресей коммунистік партиясының мүшесі Сергей Гаврилов әлемнің бірқатар елінің өкілдерін біріктіретін парламентаралық православ ассамблеясының жиынына төрағалық еткен еді.
Грузия қонақ үйлері және мейрамханалары федерациясының жетекшісі Шалва Алавердашвилидің айтуынша, ресейліктер Грузия жағалауларында тұрған қонақ үйлердегі бронның 80 пайызының күшін жойған. Грузия ұлттық туризм әкімшілігінің болжамынша, ресейлік туристер санының азаюынан экономикаға 710 миллион доллар залал келуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қазақстан туристері Грузияда ресейліктердің орнын баса ма?
Ресей шекара қызметінің дерегінше, 2018 жылы Грузияға 1,29 миллион ресейлік барған. 2019 жылдың бірінші тоқсанында ресейлік туристер саны 26 пайызға өскен.