Нұр-Сұлтанда прокурор Қазақстанның бұрынғы білім және ғылым вице-министрі, жемқорлық айыбымен ұсталған Эльмира Суханбердиеваға 6,2 миллион теңге (16 мың доллар) айыппұл салуды, мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салуды сұрады. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.
Informburo.kz сайтының жазуынша, Есіл аудандық № 2 сотының судьясы Бақыжан Есенов журналистерге аудио жазуға рұқсат еткенімен, сот процесін фото мен видеоға түсіруге тыйым салған.
Жемқорлықпен күрес агенттігі бұған дейін Суханбердиева прокуратурамен процессуалдық келісімге келгенін айтқан. Оған "Қызметтік лауазымын асыра пайдалану" және "Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу" баптарымен айып тағылған.
Бұрынғы вице-министрмен бірге сотқа Нұр-Сұлтандағы № 3 мектеп-гимназиясының директоры Елена Шеверняева тартылып жатыр. Оған "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" деген айып тағылған.
Жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаева 2 шілдеде Суханбердиеваның ісі "жеделдетілген түрде қаралады" деген.
Маусым айының басында жемқорлықпен күрес агенттігі білім және ғылым министрлігіндегі басшылардың біріне қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Кейіннен пара алды, қызметін асыра пайдаланды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген күдікке Суханбердиеваның іліккені белгілі болды. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап білім және ғылым министрінің орынбасары болып істеген Эльмира Суханбердиева сот шешімі бойынша 5 маусымда екі айға қамалған.
Білім саласына қатысы бар тағы бір қылмыстық іс бойынша күдікке іліккен Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы бас директоры Рамазан Әлімқұлов та қамауда отыр. Мамыр айында Нұр-Сұлтан сотының шешімімен 20 шілдеге дейін қамауға алынған Әлімқұлов "делдалдар арқылы жүйелі түрде ірі көлемде пара алған" деген күдікпен ұсталған.