11 шілде күні Нұр-Сұлтандағы Астана қалалық сотында «9 маусымда президент сайлауы күні митингіге қатысты» деген айыппен әкімшілік жазаға тартылған жас белсенділер Жанбота Әлжанова, Әлия Ізбасарова мен Әйгерім Мұхамеджанованың апелляциялық соты жалғасты. Үш белсенді «9 маусымда митингіге қатыспағандарын» дәлелдегісі келеді.
Сотқа олардың қолдаушылары көп жиналды. Белсендінің жақтаушылары сот залында акция өткізбек болып, олардың шеті ақ жіппен тігілген фотосын әкелген еді. Бірақ күту залында отырғандардың әрекетінен күдіктенген сот қызметкерлері арнайы жасақ шақырып, сотқа қатысушылардың жеке мүліктерін тексермекші болды. Зал жиналғандардың наразылығынан соң арнайы жасақ ешкімді тексермеді. Ал сот залын арнайы жасақ күзетіп тұрды. Отырыс ашық деп жарияланған, бірақ судья Әсет Райымбаев Азаттық тілшілеріне видеоға түсіруге тыйым салды.
Үш белсендінің соты бір залда бірінен соң бірі өтті. 27 жастағы Жанбота Әлжанова түрлі видеоларды көрсетіп өзінің сол күні үйде болғанын дәлелдеуге тырысты. Сотта оның ата-анасы куәлік етті.
25 жастағы Әлия Ізбасарова мен 22 жастағы Әйгерім Мұхамеджанова да өздері түсірген видеороликтер арқылы 9 маусымда «Жастар» сарайы алдында сайлаудың әділ өтуін талап еткен митингіге бармағандарын дәлелдеуге тырысты.
Судья Әсет Райымбаев үш белсендінің шағымы бойынша сот 16 шілдеде жалғасатынын мәлімдеді.
Полиция Жанбота Әлжанова, Әлия Ізбасарова мен Әйгерім Мұхамеджанованы 9 маусым күні кешке «Байқоңыр» полиция бөлімінің алдынан ұстап әкеткен. Олар наразылық кезінде ұсталғандарға ас-су апарып беру үшін полиция бөлімшесіне барғандарын, бірақ ешқандай митингіге қатыспағандарын айтады.
Үш қызды Нұр-Сұлтаннан 70 шақырымдағы Шортанды ауылына апарып, әкімшілік жазаға тартқан. Әкімшілік сот оларды «заңсыз митингіге қатысты» деп айыптап, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткішке (50500 теңге) көлемінде айыппұл салған. Адвокат Василий Садықов алғашқы сот инстанциясының тек екі учаскелік инспектордың пікірен сүйеніп шешім шығарғанын айтады.
Соңғы айларда Қазақстанда билікке наразылық күшейіп тұр. 9 маусым кезектен тыс президент сайлауы өткен күні полиция билікке қарсы наразылыққа шыққан мыңдаған адамды ұстады. Халық билік жүйесін өзгертуді, әділ сайлауға жол ашуды талап еткен.
Елдегі сайлауға, билікке қарсылыққа қарамастан Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылды. Тоқаевты кандидат ретінде елді отыз жылдай басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған. Халықаралық бақылаушылар сайлау кезінде заң бұзу фактілері болғанын айтып, полицияның наразылыққа шыққандарды жаппай ұстауын сынады. Жергілікті бақылаушылар да сайлау учаскелерінде бюллетеньдерді топтап тастау фактілері мен алдын ала белгіленген бюллетеньдер жайлы айтса да, сот олардың арызын қанағаттандырмады.