Бүгін, 12 шілдеде Алматыда бір топ желтоқсаншы бірнеше айдан бері Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған Серікжан Біләшты (төлқұжатында - Бияш) босатуды талап етіп, қаладағы Желтоқсан құрбандарына қойылған "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші жанына жиналды. Олар қолдарына "Серікжан Біләш – халық батыры", "Серікжанды қорлау – бар қазақты қорлау" деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан.
Жиналғандар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан белсендінің ісіне араласуды сұрады және осы сияқты өтініштерін халықаралық ұйымдарға жеткізетіндерін айтты.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша жарты сағатқа созылған шараны полиция өкілдері сырттан бақылаған.
Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі. Ұйым 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.
Біләш қазір Нұр-Сұлтанда үйқамақта отыр. Қазақстан билігі биыл наурызда оны Алматыда ұстап, үстінен Қылмыстық кодекстің "араздық тудыру" бабымен іс қозғаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысатын Біләшқа Нұр-Сұлтан қысым көрсетіп отыр деп мәлімдеген.