Қырғызстан елдің қауіпсіздік кеңесінің экс-хатшысына іздеу жариялады

Бусурманкул Табалдиев

Қырғызстан ішкі істер министрлігі елдің қауіпсіздік кеңесінің (бұрынғы - қорғаныс кеңесі) экс-хатшысы Бусурманкул Табалдиевке іздеу жариялады. Оған «жемқорлық айыбы» тағылған.

15 шілдеде ІІМ ресми өкілі Карима Аманқұлова Азаттықтың Қырғыз қызметіне Табалдиевке іздеу жарияланғанын мәлімдеді.

Аманқұлованың сөзінше, Табалдиев қылмыстық топты басқарған Азиз Батукаевты 2013 жылы «ертерек түрмеден босатуға көмектесті» деген күдікке ілінген. Сол кезде Батукаев ақ қан ауруына шалдыққан деген диагноз қойылған. Кейін Қырғызстан билігі бұл диагноз Батукаевты түрмеден шығару үшін өтірік қойылғанын мәлімдеген.

2019 жылы Қырғызстан бас прокуратурасы Батукаевты заңсыз босату бойынша іс қозғап, денсаулық министрлігінің қызметкерлерін, бірнеше дәрігерді, премьер-министрдің орынбасарын, бұрынғы бас прокурор Аида Салянованы ұстаған.

Елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру мәселесі қаралғанда оның Батукаевты босатуға қатысы бары айтылған.

Ұлты шешен Батукаев қырғызстандық заңгер мен елдің ішкі істер министрлігінің қызметкерлерін өлтірді деген айыппен 2006 жылы 17 жылға сотталған. Ол Қырғызстанда түрмеден босаған соң бірден Шешенстанға кетіп қалған.