Ресейлік «Коммерсантъ» басылымы 16 шілдеде Қазақстандағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ресейлік «Газпром нефть» компаниясының дистрибуторы «Ник-Ойл» серіктесімен келісім-шарт үзгенін хабарлады.
Басылым дерегінше, Еуропа одағы мен Украинаның «Газпром нефть» компаниясына салған санкцияларынан кейін «АрселорМиттал Теміртау» «Ник-Ойлмен» бірге жұмыс істеуді тоқтатқан. «Коммерсантъ» газеті «АМТ өзінің бас директоры Парамжит Калонның беделін де сақтап қалғысы келеді» деп жазды.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап, я жоққа шығарған жоқ. Компания Азаттыққа ресейлік газетке шыққан ақпаратқа қатысты қандай да бір комментарий беруден бас тартты.
«Коммерсантъ» басылымының жазуынша, 2014 жылы қыркүйекте АҚШ пен Еуропа одағы «Газпром нефть» компаниясына санкция салған. «Ник Ойл» директоры Николай Гардер «Коммерсантъ» басылымына өзі басқаратын компания АМТ-ға сегіз жыл бойы қажетті материалдарды жіберіп отырғанын айтты.
«ЕО мен Украинаның Ресейге салған санкцияларының бізге қандай қатысы барын сұрадық. Бірақ бұл сұрағымыз жауапсыз қалды» деді Гардер«Коммерсантъ» басылымына.
«Газпром нефть» өкілдері ресейлік газетке компания заңгерлері қазақстандық компанияның шешімін тексеріп көретінін мәлімдеген.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы үндістандық бизнесмен Лакшми Миттал иелік ететін «АрселорМиттал» трансұлттық металлургиялық тобына кіреді. Бұл топтың құрамында Украинадағы «АрселорМиттал Кривой Рог» компаниясы да бар.
«АрселорМиттал Кривой Рог» пен «АрселорМиттал Теміртауды» Парамжит Калон басқарады.