Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті өрттің Жетісу ауданындағы бояу өнімдері қоймасынан шыққанын хабарлады.
"Алдын ала ақпарат бойынша, қоймада 200 тонна бояу өнімдері бар" деді қалалық төтенше жағдай қызметі департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.
Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі таңертеңгі 10.35 шамасында өрттің барған сайын күшейіп бара жатқанын, бірнеше рет жарылыс дауысы естілгенін айтты. Тікұшақ өрт аумағын бірнеше рет айналып өткен.
Омаров 12в/1 мекен-жайында орналасқан қойманың өртеніп жатқаны туралы ақпарат құтқару қызметіне таңертеңгі 7.45-те түскен. Тұрғындар 18 шілде күні таңертең Алматының солтүстігінде, бұрынғы "Саяхат" автовокзалы жақта қою түтін шығып жатқанын көрген.
Бұл - бір тәулік ішінде болып отырған екінші ірі өрт. 18 шілдеге қараған түні Алматыда Жетісу ауданындағы Потанин көшесінде үш жеке үй және бір шаруашылық нысаны өртенген.