Бүгін, 24 шілдеде Алматыдағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросында бір топ қоғамдық белсенді журналистер мен бюро қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысты баспасөз маслихатын өткізді.
- Мұның барлығының артында билік тұрғанына еш күмәнім жоқ. Оған және дәлелдің де қажеті жоқ. Мұнда бір ғана дәлел бар - жауапқа тартылмау. Егер шабуыл жасаған адамдар жауапқа тартылмаса, яғни, билік оларды "қорғап" отыр деуге болады, - деді бюро жетекшісі Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы мұндай әрекет алғаш рет 90-жылдардың аяғында болғанын атап өтті.
- Ол кезде әкімдік жанында бір топ жас жігіттер болатын. Олардың мақсаты билікке наразы адамдар туралы теріс пікір қалыптастыру еді. Билік осыған ұқсас "наразы топты" қалыптастырғанмен күш қолданбайтын. Өкінішке қарай, билік әйелдерді қолдану арқылы Өзбекстанда сынақтан өткен әдісті қолданып отыр. Ресейде - бұл жастар, Украинада мұның екеуі де бар, олардың барлығы - "титушкалар", - деді Жовтис.
Ол бұл қауіпті тенденция екенін атап өтті. Қоғамдық белсенді Балташ Тұрсымбаев журналистерге шабуыл жасаған әйелдерді Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Германияда болған "фашистік жазалаушы топқа" теңеді.
Ал "Ақиқат" ЖСДП партиясының жетекшісі Ермұрат Бапи митингілерде журналистерге шабуыл жасайтын арандатушы адамдардың көбейгенін айтты.
Шілденің 22-сі күні 20 шақты әйел Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында жоспарланған баспасөз жиыны алдында шараға келген журналистерге шабуыл жасады. Шабуылға ұшырағандар арасында Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен оператор Тоқмолда Құсайынов болды. Ғимараттың төртінші қабатына көтеріліп бара жатқан журналистерге бірнеше әйел тарпа бас салып, камераларын сындырды. Белгісіз әйелдер ҚазТАГ ақпарат агенттігі мен "Алматы" телеарнасы тілшілеріне де шабуылдаған.
Алматы полициясы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің "Өз бетінше билік ету" бабы (389-бап) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.