Әзербайжан әскери-әуе күштерінің Миг-29 жойғыш ұшағы жоспарлы жаттығу кезінде апатқа ұшыраған. Бұл туралы 25 шілде күні елдің қорғаныс министрлігі хабарлады. Ұшақ Каспий теңізіне құлаған болуы ықтимал.
Әскери ведомствоның мәліметінше, 24 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 22:00 кезінде Миг-29 ұшағымен байланыс үзілген. Қазір әскери ұшақты басқарған ұшқышты іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ұшақ апатының себебі әзірге белгісіз. Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.