25 шілдеде "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists) Қазақстан билігін Алматыдағы баспасөз маслихатында тілшілерге жасалған шабуылды "тез арада зерттеп", кінәлілерді "жауапқа тартуға" шақырды.
- Құқық қорғаушылардың баспасөз маслихатында журналистерге жасалған дөрекі шабуыл жиіркенішті. Билік оқиғаны аяғына дейін зерттеп, кінәлілерді жауапқа тарту керек, - деді кеңсесі Нью-Йоркте шоғырланған ұйымның бағдарламалар директоры Карлос Мартинез де ла Серна.
"Журналистердің қоғамға маңызды оқиғалар жайлы ақпарат таратуына мүмкіндігі болуы керек және сол үшін қудаланбауы тиіс. Ал билік тілшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс" дейді ұйым өкілі.
Оқиға шілденің 22-сі күні болған. 20 шақты әйел Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында жоспарланған баспасөз жиынына келіп, оның өтуіне кедергі жасады. Баспасөз жиынына келген журналистерге, оның ішінде Азаттық тілшілеріне шабуыл жасады. Ғимараттың төртінші қабатына көтеріліп бара жатқан журналистерге бірнеше әйел тарпа бас салып, камераларын сындырды. Белгісіз әйелдер ҚазТАГ ақпарат агенттігі мен "Алматы" телеарнасы тілшілеріне де шабуылдаған.
Келесі күні Азаттықтың Алматыдағы кеңесесіне шабуыл жасаған бірнеше әйел келіп, кешірім сұрады.
Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев шабуылды "екі тараптың жанжалы" деп атады. Ол кейбір бақылаушылардың "журналистерге шабуылды орган өкілдері ұйымдастыруы мүмкін" деген топшылауын жоққа шығарды.
Дүйсенбі күні Алматы қаласы полиция департаменті Азаттық және басқа басылымдардың тілшілеріне шабуыл оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзінше билік ету" бабы (389-бап) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Тілшілерге жасалған шабуылды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) да айыптаған. Ұйымның баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Арлем Дезир Қазақстан билігін оқиғаны тергеуге шақырған.
Қазақстанда журналист жұмысына кедергі келтіру - қылмыс және ол үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыу жазасы қарастырылған.