АҚШ федералды деңгейде өлім жазасын орындауға рұқсат берді

АҚШ-тағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Америка құрама штаттары федералды деңгейде өлім жазасын орындауға рұқсат берді. 2003 жылдан бері федералды деңгейде өлім жазасын орындау тоқтатылған еді.

АҚШ әділет министрі Уильям Барр бұған дейін кісі өлтіргені үшін айыпты деп танылып, өлім жазасына кесілген бес адамның үкімі биыл желтоқсанда және келесі жылы қаңтарда орындалады деп хабарлады. Қылмыскер қолынан қаза болғандар арасында балалар да бар.

АҚШ билігі 1963-1988 жылдар аралығында өлім жазасын мүлде қолданбаған. Тек 2003 жылы елде қылмыс жасаған үш адам өлім жазасына кесіліп, осыдан кейін федералды деңгейде өлім жазасын орындауға формалды түрде мораторий енгізілген еді. Содан бері тек штат билігі өлім жазасын орындауға пәрмен бере алатын.

Death Penalty Information Center ұйымының мәліметінше, қазір АҚШ-та өлім жазасына кесілген екі жарым мыңға жуық адам қамауда отыр. Ал федералды деңгейде 62 адам бар. Олардың бірі - 2013 жылы Бостон марафоны кезінде жасалған терактіге айыпты деп танылып, өлім жазасына кесілген Джохар Царнаев.